Categories Саясат

Жаңа Конституция және білім экономикасы: ғылым мен жоғары білімнің стратегиялық басымдықтары

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жаңа Конституцияның күшіне енуі – ел тарихындағы маңызды кезең. Ата Заңда алғаш рет адам капиталын, білім беру жүйесін, ғылымды және инновацияларды дамыту басымдықтары ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл өзгерістер отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.

Мемлекет тарихында алғаш рет білім экономикасына көшуге бағытталған стратегиялық міндеттер осындай берік құқықтық негізге ие болды. Жаңа Конституция білім сапасы мен болашақ технологияларын жедел меңгеру қабілеті Қазақстанның әлемдік аренадағы қуатының, егемендігінің және жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші екенін айқындайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат ғылыми-білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, ғылыми әлеуетті нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдауға және жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған.

Соңғы бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі бір жарым еседен астам өсті. Бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар саны 2019 жылғы 51 023-тен 2025 жылы 77 084-ке дейін артты.

Қазақстан Орталық Азияның жетекші білім беру орталығына айналып келеді. Бүгінде елімізде 32 шетелдік жоғары оқу орны мен олардың филиалдары жұмыс істейді. Бұл үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.

Отандық жоғары оқу орындарының базасында академиялық және ғылыми-зерттеу артықшылық орталықтары құрылып жатыр. Қазіргі таңда мұндай орталықтар экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургиясы, биотехнология және агроөнеркәсіптік кешен сияқты басым бағыттар бойынша 11 жоғары оқу орнында қалыптасты.

Конституциялық өзгерістер ашық академиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Олар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, озық тәжірибе алмасуды жеделдетуге және қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке толыққанды кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Ұқсас жазбалар

Мемлекеттің заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы — елдің негізгі заңы күшіне енді.

«Әділет» партиясы жаңа Конституцияның күшіне енуін талқылады

«Әділет» партиясында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған партия активінің кездесуі өтті.

Жаңа Конституция білім беру жүйесінің даму бағытын айқындады

Жаңа Конституцияның күшіне енуі ұлттық білім беру жүйесін дамытудың жаңа кезеңін айқындап, алғаш рет білім…