Филиппиндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78-ге жетті

Сурет: Синьхуа

Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы жағалауында 8 маусымда болған магнитудасы 7,8 жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78 адамға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңестің мәліметінше, тағы 30 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Жер сілкінісі 357 мыңнан астам үй шаруашылығына немесе шамамен 1,5 миллион адамға әсер еткен. Қазір 47 эвакуациялық орталықта 22 мыңға жуық адам орналастырылған.

Шамамен 74,7 мың тұрғын үй зақымданған, оның ішінде 13,7 мыңы толық қираған. Жалпы саны 774 инфрақұрылым нысаны бүлініп, келтірілген шығын 1,29 миллиард филиппин песосын (шамамен 21,3 миллион АҚШ доллары) құрады. Ауыл шаруашылығына келтірілген шығын 29,8 миллион песоға (шамамен 493 мың АҚШ доллары) бағаланды.

Филиппиннің Вулканология және сейсмология институтының дерегінше, тектоникалық жер сілкінісі 8 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 07:37-де тіркелген. Эпицентр Минданао аралындағы Сарангани провинциясының Маасим қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 32 шақырым жерде, ошағы 33 шақырым тереңдікте болған.

Филиппинде сейсмикалық белсенділік жиі байқалады, себебі ел «Тынық мұхитының отты белдеуі» аймағында орналасқан. Бұл тектоникалық плиталардың түйісу аймағы жиі жер сілкіністері мен жанартау атқылауларымен ерекшеленеді.

Ұқсас жазбалар

Демалыс күндері 41 градусқа дейін ыстық болады

Синоптиктер 20-21 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады. Демалыс күндері ауа райының өзгеруі атмосфералық фронттардың…

Қазақстан мен Черногория президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы мен Черногория президенті шағын құрамда келіссөз өткізді.

Жанабыловтерден тәркіленген 8 автокөлік сатылымға шығарылды

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша тәркіленген көліктер электронды сауда алаңына шығарылды.