Алматыда хирургтар 31 магнитті жұтып қойған бір жастан асқан сәбиге шұғыл ота жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
1 жас 9 айлық бүлдіршін аурухананың қабылдау бөліміне өте ауыр халде жеткізілген. Тексеру кезінде оның ішегінен бір-біріне жабысып қалған 31 магнит анықталды. Дәрігерлер дереу «аш ішектің көптеген жерден тесілуі» және «жайылмалы нәжісті перитонит» (іш пердесінің жедел қабынуы) деген диагноз қойған.
«Магниттердің қаупі мынада: олар асқазанға бөлек-бөлек түскенімен, ішек ішінде бір-біріне тартылып, жабысып қалады. Соның салдарынан ішек қабырғалары қысылып, қан айналымы бұзылады да, тіндердің өлуі (некроз) басталады. Нәтижесінде ішек тесіліп, санаулы сағатта перитонит асқынады», – деп түсіндірді орталықтың хирургі Асқар Ризванов.
Дәрігерлер дереу лапаротомия (іш қуысын кесу) жасап, магниттерді алып шықты. Одан соң ішектің тесілген жерлерін тігіп, іш қуысын толық тазалады.
Мамандар тіпті бір ғана магнит жұтып қоюдың өзі дереу медициналық көмекке жүгінуге себеп екенін ескертеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

