Шымкентте қалың қардың салмағын көтере алмаған ағаш бұтағы сынып, мектеп оқушысын басып қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 11-мөлтекауданның ауласында болған. №36 мектептің 4-сынып оқушысы қар басқан ағаштардың астынан өтіп бара жатқанда, ірі бұтақтардың бірі үзіліп, баланың үстіне құлаған.
Баланың денесін аула сыпырушылар тауып, бірден жедел жәрдем шақырған. Алайда оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Сол түні Шымкентте қыс басталғалы алғаш рет тосыннан қалың қар жауып, қаланы әп-сәтте басып қалған еді. Салдарынан электр желілері үзіліп, ондаған көлік зақымданды және көптеген ағаш сынды. Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтерге тұрғындардан көптеген шағым түскен.
Шымкент қалалық полиция департаменті қайғылы жағдайдың болғанын растады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден

