Categories Жайық news

Рейс бір тәулікке кешікті: Сот Air Astana-ны екі әртіске 2,3 млн теңге төлеуге міндеттеді

Алматы соты «Air Astana» әуе компаниясын рейс кешіккені үшін шоумен мен диджейге 2 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Әртістер ұшақтың бір тәулікке кешігуі салдарынан Астанадағы іс-шараға қатыса алмаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Оқиға 2024 жылы болған. Шоумен Артем Примак пен диджей Ян Пинчук Грузиядан Астанаға арнайы бір мейрамханадағы кешті өткізу үшін ұшып келуі керек еді. Олардың ұйымдастырушылармен жасасқан келісімшартында келіскен уақытта келмегені үшін айыппұл қарастырылған.

Алайда рейс күтпеген жерден бір тәулікке шегерілген. Салдарынан Примак пен Пинчук елордаға кешігіп жетіп, келісілген іс-шараны өткізе алмады.

Осыған байланысты ұйымдастырушы компания оларды сотқа беріп, өтемақы талап еткен. Нәтижесінде тараптар бітімге келіп, шоумен мен диджейдің әрқайсысы бір миллион теңгеден сәл асатын соманы төлеген.

Осыдан кейін Примак пен Пинчук шығындарын өндіріп алу үшін «Air Astana» компаниясының үстінен шағым түсірді. Алматының Түрксіб аудандық сотының судьясы Индира Әбекова істі қарап, рейстің ұшқыштың сырқаттанып қалуына байланысты кешіккенін анықтады.

Соттың шешімі бойынша, бұл жағдай еңсерілмейтін күш (форс-мажор) болып саналмайды. Сондықтан болған оқиғаға әуе тасымалдаушы толық жауапты деп танылды.

Осыған орай, сот «Air Astana»-ны Примак пен Пинчукке келтірілген материалдық шығынды (әрқайсысына 1 165 824 теңгеден) толық өтеуге, сондай-ақ рейсті кешіктіргені үшін айыппұл (шамамен 100 мың теңге) және мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттеді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Фото: Informburo

Ұқсас жазбалар

Маман: «Психологтарды коуч деп атау керек»

Қазақстанда психологтардың қызметін реттеуге қатысты жаңа ережелер әзірленіп жатыр. Сарапшы бұл бастамаға қатысты өз пікірін…

Жоғары оқу орындары мен ғылым жүйесінде жаңа Конституцияның құндылықтары мен нормаларын іске асыру

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде жоғары оқу орындары мен ғылым саласында жаңа Конституцияның құндылықтары…

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…