Президент бала өмірін арашалаған дәрігерлердің еңбегін үлгі етті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, Қарағанды облысында төрт жасар баланың өмірін сақтап қалған дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент кәсіби шеберлік пен адам өмірі үшін күресте жанқиярлық танытқан мамандардың еңбегі лайықты құрметке ие болуға тиіс екенін атап өтті.

«Еліміз сапалы әрі қарқынды түрде өсіп-өркендеуі үшін азаматтарымыздың тәні де, жаны да сау болуға тиіс. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сіздер осы ізгі мақсат жолында аянбай қызмет етіп жүрсіздер. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Азаматтарымыз өздерінің арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін, сондай-ақ жылы лебізін білдіріп жатады. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған төрт жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман қазір ортамызда отыр», — деді ол.

Осы орайда Президент кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс екенін айтты.

«Мемлекет осындай отаншыл, адал азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеді. Мен бүгін отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқаны және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл марапатты ең алдымен, халықтың дәрігерлер қауымына деген шынайы құрметі, зор алғысы деп қабыл алған жөн. Баршаңызға құтты болсын!», — деді Президент.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізіп, экономика мен саяси бағытты жаңа…

Астанада «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астана күні қарсаңында елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – Таза…