Categories Саясат

Алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мәжіліс қабылдаған заң жобасына сәйкес, жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жекелеген санаттары бойынша жауаптылық жеңілдетіледі. Алдын ала есепке сүйенсек, рақымшылық шаралары 16,5 мыңға жуық сотталған азаматқа, 1 миллионға жуық әкімшілік айыппұлға қатысты қолданылады. Жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылмақ. Дегенмен құжатта қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін ауыр құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық қылмыстары рақымшылықтан тыс қалатыны нақты белгіленген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Бұл жолғы рақымшылық келер айда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жасалады. Ерекшелігі сол – алғаш рет қылмыстық амнистиямен қатар әкімшілік рақымшылық та болады. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, қылмыстық рақымшылық шаралары шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Ал әкімшілік рақымшылық Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша шамамен 1 миллион айыппұлды қамтиды.

Осы туралы заң жобасын кеңінен түсіндірген баяндамашы, депутат Абзал Құспанның айтуынша, құжат қылмыстық саясатты ізгілендіруге, халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған.

– Жаңа Ата заңда әділеттілік, гуманизм, заң үстемдігі мен адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары бекітілді. Дегенмен, рақымшылық жасау жауаптылық қағидатын жоққа шығармайды. Ол заңнамада белгіленген нақты жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі ретінде қарастырылады. Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қылмыстық рақымшылық қолданылады. Аталған санаттар бойынша қылмыстық істерді, оның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату, жазадан босату немесе жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Сондай-ақ теріс мінез-құлқы болмаған жағдайда, келтірілген залалдың өтелуіне немесе өтелмеуіне қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған және жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталушылар жазадан босатылуы мүмкін. Осындай шарттар сақталған кезде ауыр және аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту қарастырылған, – дейді депутат.

Ескере кететін жайт, аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, экстремизмге қатысты, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған, қайталанған қылмыс және қауіпті қайталанған жағдайда жасалған, қоғамдық қаупі жоғары дәрежедегі қылмыстар, сондай-ақ азаптау және жақында қылмыстық жауаптылыққа енгізілген іс-әрекеттер қамтылмайды. Бұған қоса, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар және сырттай сотталған адамдарға амнистия көзделмейді.

Ал әкімшілік рақымшылық қайталанған құқықбұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды. Мәселен, мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік құралын басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзу кешірілмейді. Сонымен қатар қару мен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы, дербес деректерді қорғау және басқа да салалардағы құқықбұзушылықтар да амнистиядан тыс қалады.

Талқылау барысында депутаттар әкімшілік рақымшылық аясында қамтылатын кәсіпкерлер мен жалпы қанша сомадағы айыппұл есептен шығарылатынын сұрады. Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылады. Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, рақымшылықтың жеке баптарымен 2 370-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі қамтылуы мүмкін.

Жалпы отырыс аралығында заңға бастамашы болған депутаттар БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап қатты. Брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистердің «Отандастар әкімшілік рақымшылыққа ілінгенін қалай біледі және кешірілген айыппұлдар қашан жойылады?» деген сұрағына Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазіргі цифрландыру жағдайында азаматтарды хабардар ету автоматты түрде жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ ол рақымшылықты орындау әр мемлекеттік органның өз құзыреті аясында жүзеге асырылатынын түсіндірді.

– Егер іс сот орындаушыларының өндірісінде болса, бұл жұмысты сот орындаушылары жүргізеді. Ал айыппұл ішкі істер органдарының құзыретіне жатса, оны Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады. Сол сияқты Мемлекеттік кірістер комитеті де өз құзыретіндегі істер бойынша рақымшылықты орындауға міндетті болады. Рақымшылық бірден күшіне енбейді. Заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін және ресми жарияланған сәттен бастап күшіне енеді.

Ұқсас жазбалар

Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заң қандай мәселелерді реттейді?

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Астанада LRT жобасының атауы өзгертілді

Астана қалалық мәслихаты LRT жобасының атауын өзгертіп, «Тарлан Астана» деп атады. Депутаттар ағылшын аббревиатурасынан бас…

Тәшиевтің қорғаушылары құпия куәгерлердің айғақтарына қатысты сотқа қарсылық білдірді

Бішкектегі сотта Қамшыбек Тәшиевтің қорғаушылары құпия куәгерлердің айғақтарымен танысуға рұқсат бермегеніне қарсылық білдірді.