Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды

Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында кәмелетке толмаған қызға қатысты қатыгездікпен жасалған қылмыс тіркелді. Полиция дерегінше, 29 жастағы екі әйел 16 жастағы жасөспірімді алдап үйінен алып шығып, бірнеше сағат бойы соққыға жығып, азаптаған.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер жәбірленушінің қолын темекімен күйдірген, бірнеше рет соққы жасаған және судың астына батырып тұншықтырған. Сондай-ақ, олар қызды қорқыту үшін оқиғаны бейнежазбаға түсіріп отырған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдың шығуына қызғаныш себеп болған. Жәбірленуші бір жігітпен сөйлесіп жүрген, ал күдіктілердің бірі сол жігіттің болашақ жары екені анықталған.

Қорлық көрген қыз ұзақ уақыт бойы бұл туралы жақындарына айтпай жүрген. Кейін анасына болған жағдайды ашып айтып, шағымданған. Салдарынан 2 қыркүйек күні екі әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жазбалар

Тоқаев Түркістанға барды: Түркі мемлекеттері бас қосады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына барды.

Аптап ыстық: Қазақстанда термометр 40 градусқа көтеріледі

Қазақстанның басым бөлігінде демалыс күндері 40 градусқа дейін ыстық болады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда…

Футбол жанкүйерлері Ливия үкімет ғимаратын өртеп жіберді

Ливияда футбол жанкүйерлері төреші шешіміне наразылық білдіріп, үкімет ғимаратын өртеп жіберді.