Барлығына мұғалім кінәлі, ал қалғандары періште ме?

Қазіргі мектепте қайталана беретін бір көрініс бар: сабақта шулаған оқушыға «баламның мінезі сондай» деп ақталатын ата-ана, «ата-анамен айтыспайық» деп ұстазды құрбан ететін мектеп әкімшілігі. Сөйтіп, бар кінә тағы да мұғалімнің мойнына ілінеді.

Бүгінде мұғалім беделі көз алдымызда құлдырап барады. Қырсық, тыңдамайтын оқушыға тәртіп орнатуға мұғалімнің құқы жоқтың қасы. Дауыстаса – «баламды ренжітті» деп шағым түседі. Ескерту жасаса – «психологиялық қысым көрсетті» дейді. Ал оқушының сабақ оқымайтыны, сыныпты шулатып, ынталы балалардың оқуына бөгет жасайтыны жайлы ешкім жақ ашпайды.

Мектеп әкімшілігі ата-ана мен ұстаздың арасындағы әділ төреші болудың орнына көбіне ата-ананың сөзін сөйлейді. Өйткені «беделімізге нұқсан келмесін» деген желеумен ұстазды алдыңғы шепке жығару жеңіл. Осыдан кейін мұғалім үнсіз қалудан басқа амал таппайды.

Алайда білім сапасының төмендеуіне кінәлі – тек ұстаз емес. Тәртіпсіз оқушының тәрбиесіне жауапты – ата-ана. Тәртіпті қолдауы тиіс – мектеп әкімшілігі. Ал қоғам мен мемлекет мұғалімді қорғап, әділдік орнатпаса, «бәріне мұғалім кінәлі» деген ұстаным білім ошағын былықтың ордасына айналдырады.

Мұғалім – мемлекеттің іргетасы, қоғамның айнасы. Мұғалімге сенім жоғалған жерде сапалы білім болмайды, ал білімсіз ұрпақ – ертеңгі күннің ең үлкен қатері. Ақпарат тасқынына толы заманда балаға бағыт-бағдар беретін, ұлттық құндылықты бойына сіңіретін – ұстаз.

Егер қоғам мұғалімді үнемі айыпты етіп көрсетуді доғармаса, жас маман ұстаздыққа бармайды, тәжірибелі ұстаздар мектептен кетеді. Ал бос қалған тақта мен иесіз қалған сыныптың орнын кім толтырады? Бұл – бүкіл ұлттың келешегіне төнген қауіп.

Бердалы Ораз

Ұқсас жазбалар

Жаңа Қорғаныс министрі Тоқаевқа есеп берді: Президент әскерге қатысты бірнеше тапсырма жүктеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, армиядағы тәртіпті күшейтуді және жауынгерлік әзірлікті арттыруды…

Өлген адамдар атынан ем көрсеткендер: Тоқаевқа елдегі ірі қаржылық алаяқтықтар туралы баяндалды

Президентке Қаржылық мониторинг агенттігінің есебі таныстырылды. МӘМС жүйесінде 26 млрд теңге жымқырылып, онлайн-казинолардың 2,1 трлн…

Конституциялық реформа: Түпкілікті шешімді халық қабылдайды – Тоқаев

Президент Тоқаев конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді халық референдумда қабылдайтынын айтты. Жаңа бір палаталы Парламент…