Categories Жайық news

Fly Arystan ұшағы Астанаға шұғыл қайта қонды: борттағы жүкті келіншек босана жаздады

Астанадан Оралға бет алған Fly Arystan ұшағының бортында жүкті келіншектің мерзімінен бұрын толғағы басталып, әуе кемесі шұғыл түрде елордаға қайта қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Оқиға 18 наурыз күні Астана-Орал бағытындағы рейсте болған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір сағат өткенде, жолаушылардың бірі, 27 апталық жүкті келіншектің жағдайы кенеттен нашарлаған.

Бортта кездейсоқ Орал қалалық көпбейінді ауруханасының хирург дәрігері Таубай Бекжанұлы мен остеопат маман Фарида болған. Олар дереу көмекке ұмтылып, келіншектің жағдайын тексерген.

«Тексеру кезінде жатыр мойны 4 см ашылғанын көрдік, ал босану үшін 8 см-ден жоғары болуы керек. Қан кете бастады, ұшақ қонғанша шамамен 400-500 мл қан жоғалтты. Медицинада атониялық жатыр деп аталатын жағдай да болды. Әйелдің туа біткен жүрек ақауы мен артериялық гипертониясы бар екен. Біз бірден алғашқы көмек көрсетіп, капитанға жағдайдың күрделі екенін түсіндіріп, шұғыл түрде кері қону керегін айттық», – дейді дәрігер Таубай Бекжанұлы.

Дәрігерлердің дер кезіндегі көмегі мен ұшақ экипажының жедел шешімі нәтижесінде әуе кемесі Астана әуежайына аман-есен оралды. Жүкті келіншекті жедел жәрдем бригадасы күтіп алып, ауруханаға жеткізген. Кейінірек Батыс Қазақстан облысының тұрғыны үшінші сәбиін аман-есен босанып, ұлды болғаны белгілі болды.

Fly Arystan әуе компаниясы дәрігер Таубай Бекжанұлына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Орал халықаралық әуежайының мәліметінше, аталған рейс Оралға 19 наурыз күні таңғы сағат 03:00-де бір-ақ жеткен.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Адамзат тарихындағы жаңа кезең: 50 жылдан астам уақыттан соң астронавтар Айға аттанды

50 жылдан астам үзілістен кейін адамзат Айға қайта оралды. "Артемида-2" миссиясы аясында төрт астронавт Жер…

Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: рота командирі сот алдында жауап береді

Жамбыл облысында қаза тапқан сарбаз Еркебұлан Рүстемұлының өліміне қатысты іс сотқа жолданды. Рота командиріне салғырттық…

Маман: «Психологтарды коуч деп атау керек»

Қазақстанда психологтардың қызметін реттеуге қатысты жаңа ережелер әзірленіп жатыр. Сарапшы бұл бастамаға қатысты өз пікірін…