25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ

25 қазан – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерінің бірі. Бұл күн – халқымыздың өз мемлекеттілігін жаңғыртып, тарихи таңдау жасаған айрықша сәтін еске салатын Республика күні.

1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігіне, ұлттық мүддеге негізделген жаңа бағыттың бастауы болды. Декларацияда республика өз аумағындағы табиғи байлық пен ұлттық байлықтың иесі екені, заңның үстемдігі мен биліктің тәуелсіздігі нақты жазылған еді.

Осы тарихи шешімнің нәтижесінде еліміз бір жылдан кейін – 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде орнықты. Сондықтан да 25 қазан – азаттықтың алғашқы қарлығашы, егемендікке бастар алтын көпір іспетті күн.

Бүгінгі Қазақстан – демократиялық құндылықтарды ұстанған, әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекет. Республика күні – ел бірлігі мен тұтастығын, тәуелсіз ой мен еркін рухты дәріптейтін мереке. Бұл күн – ел мен жерді сүюдің, Отан алдындағы борышты сезінудің, азаматтық жауапкершілікті ұғынудың сәті.

Мереке қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени, әлеуметтік және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында ашық сабақтар, көрмелер мен патриоттық концерттер өтеді.

Республика күні – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, ертеңге сенім.

Бердалы Ораз ( Жайық тілшісі)

Ұқсас жазбалар

Қазақстан мен АҚШ стратегиялық минералдар саласында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары маңызды және сирек кездесетін минералдар саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол…

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ өкілдерімен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы Марк Рубио және Трамп әкімшілігінің өкілдерімен…

Менің Оралым

Батыс Қазақстанның жүрегінде орналасқан Орал қаласы – тарих пен заманауи өркениет тоғысқан ерекше мекен. Еуропа…