Categories Жайық news

Тоқаев: «Таза Қазақстан» – жай ғана науқан емес, мемлекеттің мызғымас идеологиясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, «Таза Қазақстан» акциясының маңызына ерекше тоқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Президент Ақорданың ресми арнасында жарияланған құттықтауында Наурыз мейрамы тазару мен жаңару уақыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, тазалық – ең алдымен ой, сана және ниет тазалығын білдіреді.

Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы халықтың, әсіресе жастардың жаппай қолдауына ие болғанын жеткізді. Ол ұқыптылық, жинақылық пен тиянақтылық ұлттың жаңа сапасына айнала бастағанын тілге тиек етті.

«Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жер Ана жаңарып жатқан тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша екенін атап өтіп, елге амандық пен тыныштық тіледі.

«Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Жеткіліктілік шектерін көтеру қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталған

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды. Өзгерістер…

Баспана, медициналық көмек және жеңілдіктер: мәдениет саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктері

Елімізде мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет…

Студенттер экологиялық сағат өткізді  

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Батыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Жәңгір хан атындағы…