ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛІК ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы жылу электр орталығында болды.
Жуырда мұнда жапондық «Hitachi» компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден соң іске қосылды. Қуаты 28,5 МВт болатын газ турбиналық қондырғы осыдан 20 жыл бұрын орнатылған. 2019 жылы жоспарлы инспекциялық тексеріс жүргізілгенімен, техникалық жөндеу жұмыстары кестеден кешікті. Маңызды мәселе аймақ басшысының тікелей араласуымен оң шешілді. 2023 жылы батысқазақстандық делегация Жапония елінде болып, турбинаны өндіруші зауыттың өкілдерімен делдалсыз дидарласты. Қос тарап қондырғының қосалқы бөлшектерін дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасасты. Күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүзеге асырды.
Осы жерде Үкімет басшысының кеңесшісіне инженерлік желілерді жаңартуға бағытталған, 2023-2025 жылдарды қамтитын өңірлік жол картасының орындалуы, биылғы жоспар, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту, осы бағыттағы жеке инвестицияның үлес салмағы туралы жан-жақты баяндалды.
Одан әрі Е.Маржықпаев пен Н.Төреғалиев «Жайықжылуқуат» АҚ-ның материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймасында болып, құрылысқа қажетті материалдардың сапасын қадағалап, алдағы жұмыс барысын талқылады.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысына сәйкес, Бәйтерек ауданы аумағында жерасты сулары кен орнының сужинағыш құрылыстарын қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет басшысының кеңесшісіне жалпы құны 12,4 млрд теңгені құрайтын жобаның жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Жоспар толық орындалса, оралдықтар тіршілік нәрінен тапшылық көрмейді. Өйткені, аталған нысан 360 мың абонентті қамтуға қауқарлы. Құрылыс алаңында 2 резервуар салынып жатыр.
Е.Маржықпаевқа қала халқы үшін маңызы зор қос жобаның қаржы мәселесіне байланысты кестеден кешігуі ықтимал екені айтылды. Басқа бағыттар бойынша мердігерлер өз міндетін толық орындап отыр. Үкімет басшысының кеңесшісі мәселені уәкілетті органдарға жеткізуге, назарда ұстауға уәде берді.
Өңірде кейінгі 3 жылда жалпы құны 13 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылып, 6 мың шақырымға жуық тозған электр желілері жаңартылды. 2 жаңа қосалқы станса мен өндірістік жөндеу базасы салынды. Е.Маржықпаевқа 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңнен тұратын жоба таныстырылды. Оның аясында «Зачаган-Переметный», «Переметный-Тасқала» және «Чапаев-Қабыршақты» бағыттарында 110 кВ әуе желісі тартылып, елді мекендер сапалы қызметпен қамтамасыз етіледі. Қазір 2 кезең аяқталып, үшінші учаскеде жұмыстар жүріп жатыр.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

БҚО-да қаланы көгалдандыруға арналған ғылыми ұсынымдар таныстырылып, оқыту семинары өтті

Орал қаласында қалалық аумақтарды көгалдандырудың заманауи тәсілдеріне арналған білім беру іс-шарасы өтті. Шараға көгалдандыру үдерістеріне…

БҚО әкімі тұрғындармен кездесті: Баспана, инватакси және жаңа жол мәселесі талқыланды

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындармен кездесті. Қабылдауда баспана, инватакси, жол құрылысы және экология мәселелері көтерілді.

Алатауға ерекше мәртебе берілді: Жаңа заң инвесторларға қандай мүмкіндіктер ашады?

Парламент Алматы облысындағы Алатау қаласына арнаулы құқықтық режим беретін заңды қабылдады. Жаңа ережелер инвесторларға салықтық…