Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар аз емес. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім. Солардың маңыздыларын мысал ретінде келтіре кеткенді жөн көрдім. Мәселен, ресейлік шығыстанушы В.Радлов «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі» деген құнды пікірін қалдырса, татар ғалымы А.Саади «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деп тебіреніпті. Бұдан бөлек белгілі орыс ғалымы С.Малов «Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, қазір де даңқы шығып жүрген халық» деп жоғары баға беріпті. Ал біз ше? Анамыздың ақ сүтіндей қадірлі ана тілімізге өз деңгейінде құрмет көрсетіп жүрміз бе? Тәуелсіздіктің тәтті сыйындай болған тағдырлы тілімізді өз тұғырына қондыра алдық па? Бұл сұрақ-сауалдар «ұлтым», «елім» деген әр қазақты ойландыруы қажет.
Тілдің тағдырына бейжай қарауға болмайды. Соңғы кезде мені қатты қынжылтып жүрген жайттың бірі – жастар арасында тілді бұзып сөйлейтіндердің әсіре көбейгендігі. Кейбір замандастарымыз үшін ана тіліміздің үндестік заңын бұзып сөйлеу, сөздердің соңғы буындарын қысқартып айту үйреншікті әдетке немесе мәнсіз «модаға» айналғандай. Жалпы, кез келген тілдің лексикасы əдеби жəне бейəдеби болып екіге бөлінетіні белгілі. Осы бейəдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін де жатқызуға болады. Жаргон (франц. jargon) шағын әлеуметтік топ қолданатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ жалпыхалықтық тілдің тармағы. Ал сленг (англ. slang жаргон) белгілі бір аптада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон, нәрсіз сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Айталық, сұлу қыз, əдемі көлікті көргенде жастар көбіне «жынды қыз екен», «жынды көлік екен» немесе «мына көлік зың екен» деп таңданып жатады. Қазақ тілінің бай сөздік қорындағы сөздерді аздық ететін жас буын өкілдері тілді шұбарландырып, орысша сөздер мен жаргондарды қосып сөйлеуді әдетке айналдырғалы қашан? Белгілі бір ортада ғана қолданылатын жаргондар қазақ лексиконына еніп бара жатқан тәрізді. Олардың күн сайын қолданатын жаргондарының қатары мынадай: «жыртты», «басы теппейді», «қоянның суретін салып кетті», «қадап тастады», «қыртпаш», «картопты жарды», «балта қадады», «өшті», «ат екенсің», «шашып тастады», «тартылсай», «базар жоқ», «құлақтан тепті», «қораға кірді», «лақтырып кетті», «сындырды», «жынды болып кетіпсің», «құлаққа лапша ілді», «маған сынып қалды» деген сарындағы сәнге айналған сөздерге жастар қауымы тым құмартып алған. Сонымен қатар, жасөспірімдер жиі қолданатын орысша жаргон сөздер: мажор, мажорик-байдың балалары, ахи (бауыр), мазя (бәрі жақсы), сушняк (сусын), нарик (нашақор), батя (әке), мамка (ана), аташка (ата), ажека (әже).
Ащы шындық. Көбіне біз бейқам қарайтын бір жайт бар. Ол – амандасу әдебі. Қоғамда ер азаматтар жағы «Саламалейкум» және оған жауап ретінде «Уалейкум» дейді. Ал жастар тіпті өзбекше «Салам», «Саламатсыз ба?» деп амандасып жүр. Осылайша оралымды, көркем тілімізді бұзу басталады. Төмендегі әлеуметтік желіде өрбіген диалогтан да бұған көз жеткізуіңізге болады:
– Сен қай йаққа баратырсың?
– Жаңа дүкенге баратырмын. Сен де мемен барасың ба? Қай йақтан түсем?
– Жоқ, мен кеше бардым ғо. Автобусқа мін де, бірінші қайырылған жерден түс. Адасып атсаң хабарлас. Біздің балдар ан жақта жүрген… Тілдің тұнық заңдылығын бұзуға келгенде әлеуметтік желіде белгілі бір деңгейде өз әсерін тигізіп жүр. Бұл енді бөлек әңгіме…
Күнделікті өмірдегі мұндай сөз қолданыстары ешкімді таңғалдыра қоймас. Бұл біріншіден, ана тілімізге деген немқұрайлылық. Әрбір сөзді түбірімен нақты қолданғанның орнына буындарын жұтып айту, тіпті сәнге айналғандай. Шала қазақтар деп ана тілімізде таза сөйлей алмайтындарды ғана емес, тілді бұзып, осылайша қорлағандарды да айтамыз.
Қазақ тілі – өте бай, құнарлы тіл. Алайда әрбір сөзімізді осылайша өзгертіп айтуымыздың өзі оның өскелең ұрпақ алдындағы қадір-қасиетін төмендететіні сөзсіз. Тағы бір айта кететін жайт, қазiр көптеген замандастарымызға кешiруге болмайтын «бiр кiнә» қоюға болады. Ол мынау: олардың кейбiреулерi қазақтың «ң» әрпiнiң орнына «н» әрпiн қолданып сөйлеудi һәм жазуды шығарды. Бұл әлде «ң»-ға тiлi келмеу, әлде әдейi тiлiн орысшаға бұрып сөйлеудi мақтаныш, дәреже көру. Мұндайлар «жаңа техника», «жаңа жыл», «мың теңге», «оң жақ» дегендердi «жана техника», «жана жыл», «мын тенге», «он жақ» деп тiлдi былапыттап тұрғанын көргенде, қалай өкпелемейсің?
Адамның сөз саптауынан оның ұлттық дүниетанымы, мəдениеті, парасаты, жалпы менталитеті танылады. Бізде бұрыннан қалыптасқан тұрақты тіркестер бар, олардың мағынасы тұтас та айқын. Ал бүгінгі жастарымыздың аузындағы «крышасы бар», «миды шіріту», «басты кетірме» сияқты сөздер өзінің анайылығымен, сол арқылы өмірге жат екендігімен айқындалып тұр. Бұл ұлттық қабылдауға да, қазақы дүниетанымға да келмейді, жаңа сөз деп тағы айта алмайсың. Себебі сөздің астарында ешқандай мағына жоқ.
Басқа тілді араластыра сөйлессе, жаргонмен əңгімелессе, олар тілді дамытпақ түгілі жойып жібереуі мүмкін. Мен жастардың сөйлеу тілінен қазақы болмысты тұла бойынан сездіретін, шешен де сұлу сөздерді естігім келеді. Жастардың анайы сөздерін естігенде ескерту жасайтын кісілер өте аз. Үлкен кісілердің көбі осыған бара бермейді, «аш құлақтан тиыш құлақты» артық көреді.
Міне, бұл аға ұрпақтың, үйде ата-ананың кемшілігі. Алдымен əркім өз ұл-қызын тыйса, əлгідей көшеде кездесетін қылықтармен көп болып күрессек, жастардың тілін ғана емес, тəрбиесінде түзеп алар едік. Әйтпесе, Бауыржан Момышұлы «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі» деп бекерден бекер айтпаса керек-ті.
Түйін
«Тәрбие басы – тіл» дейді М.Қашқари. Тіл мәселесі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Түйіні тарқамаған түйткіл әлі де көп. Оның біразын жоғарыда қаузадық. Кешегі Алаштың аймаңдайлы арыстары да «тіліміздің болашағы не болар екен?» деп алаңдап өтті. Біз әлі күнге дейін тілімізді тұғырына қондыра алмай ебіл-себіл болып жүрміз. Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде жастарымыздың тілді бұзып сөйлеуі, әртүрлі арзан сөздерге құмар болуы біле білсек, бұл ана тіліміз үшін үлкен қасірет. Ауру асқынбай тұрып, оның алдын алса әлдеқайда тиімді. Сондықтан да «баланы – бастан» дегендей, ұл-қызымыздың бойына бесіктен белі шықпай жатып ана тіліміздің қадір қасиетін сіңіруіміз керек. Ол үшін тиісті министрліктер нақты шараларды қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет. Мектеп бағдарламасына шешендік өнерді меңгертетін, сөйлеу мәдениетін үйрететін, сауатты жазуға баулитын бір пәнді арнайы оқулық ретінде енгізсе, жас ұрпақ үшін көп көмегі болар еді. Сондай-ақ заң шығарушы орган да тіл бұзушыларға шара қолданып, заң шеңберінде тыйым салса, мемлекеттік тілді қай салада да талап етсе, тіліміздің туы жығылмас еді.
Венера САПАРОВА, педагог:
— Авар ақыны Р.Ғамзатовтың «Менің тілім бүгін өлетін болса, мен ертең-ақ өлуге дайынмын» деген жақсы сөзі бар. Біз тіліміздің болашағын қазірден бастау ойлауымыз қажет. Тілді жоюға бірден бір қауіп төндіретін нәрсе, ол – әлеуметтік желі. Қазір балалардың қолында бір-бір телефон. Ата-аналардың өзі балалармен сөйлесуге дайын емес. Жақында бір үйде қонақта болдым. Сонда төрт баласы төрт жерде телефон шұқылап отырды. Ең кішісі жас жарымда екен. Келген қонақпен амандаспайды, сөйлеспейді, тілдеспейді тіпті. Біз кеткенше сол төрт бала телефонмен алысты да отырды. Дастарқан басында әңгіме болмаған соң, өзара сөз болмаған соң тіл жойылмай қайтеді?! Тағы бір үлкен мәселе бар. Ол мектеп оқулығындағы тілімізді насихаттаудағы кемшілігі өте көп. Мектеп бағдарламасынан диктантты, мазмұндаманы, жазба жұмыстарды алып тастау деген сорақалық қой. «Эссе» жаз деп тапсырма береді. Шығарма жазбаған, диктант жазбаған бала эссені қалай сауатты жазады? Ең бірінші, әліппеден бастап мектеп оқулығын дұрыстау керек деп ойлаймын. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына бұрынғы «Оқу сауаттылығы», «Жазу сауаттылығы», «Көркем жазу» секілді сабақтарды қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ақмарал Аманқызы, зейнеткер ұстаз:
— Тіл мәселесінің қарапайым қазақи ортада «ауруға» ұшырағанына бейжай қарай алмаймыз. Жанымыз ауырады. Жүрегіміз шаншиды. Ол ауру даладан келсе, кенеттен болса бір сәрі. Ең қиыны, өзіміз қолдан жасап отырғандығымызда болып тұр. Ауру жазылар еді — емделсе, аурудан айығар еді — тілекшілер қолдаса. Осы қиын жағдай қолға еріксіз қалам ұстатты. Ең болмағанда қалың өртке қарылғаштың қанатымен су сепкендей көмек болса да деп үнсіз қала алмадым.
Қазіргі таңда жалпы адамдардың бір-бірімен әдемі қарым-қатынас жасауы тілге қатысты. Сауатты жазу, сауатты сөйлеу — біздің қатынас құралдарымыздың ең үлкені. Ең көп қолданылатын қоғамдық желідегі жазбалардың сауатсыз орындалуы күнделікті қалыпты жағдай болып саналатындығы – үлкен кемшілік. Осыдан-ақ тіл жұтаңдығы басталады да, өрши келе бұл үрдіс тілдің жоғалуына әкелетін баспалдақтың бір сатысы болып табылады. Бес әріппен жазылатын сөздер үш әріппен жазылады дағы, оны ешкім түзетпестен оқи береді. (Сұмдық-ай!) Және жауап та дәл осы бағытта жазылады. Әдеби кітап оқудың орнына мобильді телефонмен отырса, жас ата-ана сәбиді телефонмен алдап жұбатса, үлкендер немереге ертегі-әңгіме айтудың орнына түрлі мобильді ойындарға берілсе, тіл қайтып дамиды?! Тіл дамымаса, бір отбасы адамдары бір-бірімен мәмілеге келмесе, тәрбие қайдан түзелмек?!
Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту
және архив ісі басқармасының бас маманы