Ресейде танымал WhatsApp мессенджері мен YouTube видеохостингіне толық шектеу енгізіліп, енді бұл сервистерді ел аумағында VPN-сіз пайдалану мүмкін болмай қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Коммерсантъ» басылымының мәліметінше, қос сервистің домендері Ұлттық домендік атаулар жүйесінен (НСДИ) алынып тасталған. Бұл дегеніміз – ел ішіндегі құрылғылар бұдан былай аталған ресурстардың IP-мекенжайын ала алмайды, яғни олар толығымен бұғатталды.
РБК сарапшылары мұндай қатаң шараны техникалық қиындықтармен байланыстырады. Олардың пікірінше, Роскомнадзордың жабдықтары бір уақытта YouTube, WhatsApp және Telegram-ға жасалған қысымға төтеп бере алмайды. Сондықтан ведомство өз ресурстарын Telegram-ды тиімдірек шектеуге жұмылдыру үшін алдыңғы екі сервисті толық бұғаттауды жөн көрген.
Алайда Роскомнадзордың ресми мәлімдемесі басқаша. Мекеме бұл тыйымдардың кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын, оған сервистердің деректер қауіпсіздігі саласындағы Ресей заңнамасын орындамауы себеп болғанын алға тартады.
Фото: Әлеуметтік желіден

