Синоптиктер еліміздің үш ірі қаласында алдағы күндері ауа райының қандай болатынын болжады: Астанада аяз күшейсе, оңтүстік қалаларда жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 12 ақпанда Астанада жауын-шашынсыз, ашық күн болады. Ауа температурасы түнде -24-26°С дейін төмендесе, күндіз -16-18°С аяз сақталады. Келесі екі күнде де елордада күн райы айтарлықтай өзгермейді: 13 ақпанда түнде сынап бағанасы -27°С дейін жетеді, ал 14 ақпанда аяз сәл беті қайтып, күндіз -8-10°С болады деп күтілуде.
Алматы қаласында алдағы үш күнде ауа райы құбылмалы болады. 12 ақпанда мегаполисте мезгіл-мезгіл қар жауып, тұман түседі және көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде 0…-2°С, күндіз 0…+2°С аралығында болады. 13-14 ақпанда жауын-шашын (жаңбыр, қар) жалғасып, жолдарда көктайғақ сақталады. Күндізгі температура біртіндеп +5°С дейін көтеріледі.
Еліміздің оңтүстігінде көктем лебі сезіле бастайды. Шымкентте 12 ақпанда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ, бұрқасын және тұман күтіледі. Ауа температурасы түнде -1-3°С, күндіз +3+5°С болады. 13-14 ақпанда жаңбыр жауып, тұман түседі. Ауа температурасы біртіндеп жылынып, түнде +2+4°С, ал күндіз +10°С дейін жетеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

