Қазақстандағы ең танымал банктердің бірі Kaspi Bank бірқатар қызметі бойынша тарифтік саясатын өзгертетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Жаңа тарифтер 2026 жылдың 31 наурызынан бастап күшіне енеді. Ең басты өзгеріс Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету ақысына қатысты. Бұрын 1 995 теңге болған бұл төлем енді бірден 10 000 теңгеге дейін өседі. Дәл осындай өзгеріс жеке кәсіпкерлерге арналған шоттардың қызмет көрсету тарифіне де енгізілген.
Сонымен қатар, бұрын тегін немесе арзан болған бірнеше қызмет үшін 10 000 теңге көлемінде жаңа комиссия бекітілді. Олардың қатарында:
- Балаларға арналған Kaspi Gold картасына жылдық қызмет көрсету (бұрын тегін болған);
- Картаны жоғалтқан, ұрлатқан немесе зақымдаған жағдайда қайта шығару (бұрын – 1 995 теңге);
- Картаны бұғаттау және кейіннен бұғаттан шығару (бұрын тегін болған).
Бұдан бөлек, ай сайынғы 300 000 теңге лимиттен асқан жағдайда, басқа банктердің банкоматтары мен кассаларынан қолма-қол ақша шешу комиссиясы 0,95%-дан 5%-ға дейін көтеріледі. Бұл жоғарылатылған тариф жұмыс берушіден түспеген қаражатқа қолданылады.
Фото: Kaspi

