Президенттің келісімімен Бас прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен Елдос Сағиев Шымкент қаласының прокуроры болып тағайындалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Елдос Сағиев еңбек жолын Ақмола облысында қатардағы қызметкер болып бастаған. Әр жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істеген. 2022 жылғы тамыздан бері Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметіне жетекшілік етті.
Жақында Шымкентте болған шулы кісі өлтіру оқиғаларынан кейін қалалық Полиция департаментінің басшылығы қызметінен босатылғаны белгілі. Қазір мегаполистегі криминалдық ортада белсенді тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операциялар өткізіп, қалада әрекет еткен бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілерін ұстады.
Сонымен қатар Астанада да прокурор ауысты. Елорданың бас қадағалаушысы қызметіне Ғабит Мұқанов келді. Оның алдындағы прокурор қызметі жоғарылап, Берік Асыловтың орынбасары болды.
Ғабит Мұқанов қызметін Алматы облысының Кербұлақ ауданында бастаған. Кейін Астанаға ауысқан. Ал 2021 жылдың тамызынан осы уақытқа дейін Шымкент қаласының прокуроры қызметін атқарған. Осылайша, екі қаланың прокурорлары өзара орын ауыстырғандай болды.
Фото: Әлеуметтік желіден

