Зейнет жасына жеткен қазақстандықтарға зейнетақыны рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) уақытылы жүгіну қажет. Себебі құжат тапсыруды кешіктіргендер төлемдерінің бір бөлігінен қағылуы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтар зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын өтініш бере алады. Бұл бюджеттен төленетін базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дағы жинақтан төленетін төлемдерді тағайындау үшін қажет.
«Зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап төленеді. Егер азамат зейнет жасына толған соң өтініш берсе, құжат тіркелген күн өтініш берілген күн болып саналады. Ал егер ертерек жүгінсе, онда зейнет жасына толған күні есепке алынады. Есте сақтайтын маңызды жайт – өткізіп алған кезең үшін мемлекеттік бюджеттен де, БЖЗҚ-дан да зейнетақы төленбейді», – деп хабарлады БЖЗҚ өкілдері.
Сонымен қатар бюджеттен зейнетақы тағайындау үшін ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет болғандықтан, өтінішті ертерек берудің маңызы зор.
Кейде бюджеттен зейнетақы рәсімдеген қарт адамдар БЖЗҚ-дағы жинағын алуға өтініш беруді ұмытып кетеді. Мұндай жағдайларды анықтау үшін қор жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» базасымен деректерді салыстырып, төлемді проактивті түрде, яғни зейнеткердің өтінішінсіз тағайындайды. Бұл жағдайда ақша зейнеткердің ХҚКО-ға жасына байланысты төлем тағайындау кезінде ұсынған банк деректемелеріне аударылады. БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жинақ таусылғанға дейін жалғасады.
Фото: Әлеуметтік желіден

