АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығына ультиматум қойып, келісімге келуге уақыттың тығыз екенін мәлімдеді. The New York Times басылымының жазуынша, Ақ үй Иранға әскери соққы берудің үш ықтимал сценарийін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Егер келісім болмаса, не болатынын көреміз», — деді АҚШ президенті.
Трамп келісімнің нақты қай уақытқа дейін жасалуы керегін айтпағанымен, бұл ескерту АҚШ-тың аймақтағы әскери белсенділігі артып тұрған шақта жасалды.
Басылым дереккөздеріне сүйенсек, Вашингтонда талқыланып жатқан үш сценарий бар. Біріншісі, әрі ең қауіптісі — америкалық арнайы жасақтардың Иран аумағына жасырын кіріп, маусымдағы әуе шабуылынан аман қалған ядролық инфрақұрылым нысандарын толық жою операциясы. Мұндай миссиялар жылдар бойы дайындалса да, сәтсіздік қаупі жоғары. NYT мәліметінше, Трамп 1980 жылы президент Джимми Картер кезіндегі кепілге алынғандарды құтқару операциясының сәтсіз аяқталғанын жиі еске алып, ондай жағдайдың қайталанғанын қаламайды.
Екінші нұсқа – Иран режимін тұрақсыздандыруға бағытталған жаппай әуе соққылары. Бұл шабуылдардың негізгі мақсаты – Тегерандағы әскери және саяси орталықтарды нысанаға алып, елдің жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді биліктен кетіруге ықпал ету.
Үшінші сценарийді Израиль жағы белсенді ұсынып отыр. Ол – өткен қақтығыстан кейін қайта қалпына келтірілген Иранның зымырандық бағдарламасына жаңадан соққы беру. Алайда Тегеран егер АҚШ тарапынан шабуыл болса, Израильдегі нысандарға зымыранмен жауап қайтаратынын айтып, сес көрсетті.
Фото: Әлеуметтік желіден

