Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, Өзбекстан соңғы жылдары өзін жаңа экономикалық модель ұсынушы ретінде көрсетуге тырысқанымен, іс жүзінде Қазақстан әлдеқашан жүріп өткен даму жолын қайталап келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Сарапшы халықаралық форумдарда Өзбекстанның серпінді даму, ашықтық және цифрландыру туралы жиі айтатынын, бірақ тереңірек үңілсе, бұл реформалардың Қазақстан тәжірибесіне негізделгенін байқауға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрші ел үшін дұрыс қадам, себебі Қазақстан осы жол арқылы ұлттық мүддесіне сай келетін теңгерімді сыртқы саясат қалыптастыра алды.
Экономикалық көрсеткіштерге келсек, Өзбекстанның ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсімі пайыздық тұрғыда жоғары көрінуі мүмкін. Мысалы, былтыр Өзбекстан ІЖӨ-сі 7,7 пайызға артып, 147 миллиард доллар болды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құрағанымен, жалпы көлемі 300 миллиард доллардан асты. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы табыс, еңбек өнімділігі, урбанизация деңгейі және қаржы нарығының дамуы бойынша Қазақстан айтарлықтай алда тұр.
Цифрландыру саласында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Қазақстанда электронды үкімет пен цифрлы қызметтер қоғам мен бизнеске тереңірек сіңіп, толыққанды экожүйеге айналған. Ал Өзбекстанда бұл процесс әлі де әкімшілік бақылаудан толық арыла қойған жоқ.
«Бұл жерде негізгі мәселе Өзбекстанда емес. Көрші елдің реформалар жүргізуге талпынысы түсінікті әрі дұрыс қадам. Қазақстан бұл жолды әлдеқашан жүріп өтті. Сондықтан Қазақстан аймақтағы күн тәртібін қалыптастырып отырған ел. Ал Өзбекстан соған бейімделіп, біздің жүріп өткенімізді саралап, барынша дамып келе жатқан мемлекет», – дейді Айбар Олжай.
Фото: Әлеуметтік желіден

