Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев азаматтардың ар-намысы мен абыройын конституциялық тұрғыда қорғау туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Маған азаматтардың абыройы мен ар-намысын конституциялық тұрғыдан қорғау туралы идея ұнамайды. Себебі бұл іс жүзінде барлық азаматқа емес, ең алдымен мемлекеттік аппаратқа, ірі бизнеске және солармен үлестес тұлғаларға қатысты болып тұр. Мұндай қарым-қатынасты реттейтін қылмыстық заңнама нормалары онсыз да бар. Бізде көбіне „жақсы атақ“ пен сыннан қорғайтын иммунитет лауазыммен бірге беріледі деп санайды. Ал оған бағаны тек басшылық қана бере алады, оның өзінде „қызмет бабында пайдалану үшін“ деген белгімен ғана. Дұрысы, қазіргі аппарат алдымен халықтың құрметіне ие болып, өз беделін арттырсын, содан кейін ғана абыройын қорғау мәселесін көтергені жөн».

