Өзбекстанда кедейлікті жоюға бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама басталды, оның аясында 4 мыңға жуық тұрмысы төмен отбасыға 10 жыл мерзімге 50 сотықтан жер тегін беріледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл мақсатта жалпы ауданы 2 мың гектар орман алқабы айналымға енгізілмек. Алайда жердің берілуінің басты шарты бар: оған елдегі жібек шаруашылығын дамыту үшін тұт ағашын егу қажет.
Мемлекет көшет құнының 50%-ын өтейді, тіректерге субсидия бөледі (20-70 мың сум) және тамшылатып суару жүйесін орнатқандарға әр сотық үшін 160 мың сумнан өтемақы төлейді. Мұқтаж отбасыларға 4 млн сум субсидия қарастырылса, үйде жібек шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге 20 млн сумға дейін пайызсыз несие беріледі.
Бұл бастаманы президент Шавкат Мирзиёев кедейлік деңгейін төмендетуге арналған жиында жариялады. Оның айтуынша, реформалардың басты индикаторы – мәһәлләлер.
«Егер мәһәлләде жұмыссыздық болса, онда өзгерістер ол жерге жетпегені. Енді хокимдер (әкімдер) бұл үшін жеке жауапкершілік арқалайды», – деді Мирзиёев.
Осыған байланысты бір ай ішінде «ауыр» мәһәлләлердегі жұмыссыздықпен күресуге арналған әдістемелік құрал әзірленеді. Хоким көмекшілерінен жобалық топтар құрылып, ең үздік 100 мәһәлләге 1 млрд сумнан беріледі, ал олардың өкілдері Қытай, Түркия және Малайзияда тағылымдамадан өтеді.
Сонымен қатар тәжірибелі фермерлер тәлімгер ретінде тартылады. Экспортқа бағытталған өндіріс орнатқан әр 10 үй үшін олар 2 млн сум, ал егер үйлердің 30%-ы нәтижеге қол жеткізсе, қосымша 75 млн сум сыйақы алады.
Энергетика саласында да жаңалық бар: 903 «ауыр» мәһәлләнің әрқайсысында қуаты 300 кВт болатын күн электр станциясы салынып, халықтың игілігіне тегін беріледі. Бұл жылына 400-500 млн сум табыс әкеліп, тұрғындарды тегін жылумен және жарықпен қамтамасыз етеді деп күтілуде.
2026 жылы 1 млн адамды тұрақты жұмыспен қамту, 181 мың отбасыны кедейлік шегінен шығару, ал кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін 4,5%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Шағын және орта бизнеске де қолдау көрсетіледі: 2026 жылы салықтық жеңілдіктер жасалып, 140 трлн сум несие бөлінеді. Ал шекара маңындағы 563 мәһәлләде несие мөлшері 1 млрд сумға дейін ұлғайтылады.
Айта кетейік, Өзбекстанда соңғы 37 жылда алғаш рет халық пен ауыл шаруашылығына жаппай санақ жүргізіліп жатыр. Президент Мирзиёев халықты бұл науқанға белсенді қатысуға шақырып, санақ «сандық көрсеткіштердегі елді» емес, әрбір отбасы мен мәһәлләнің жағдайын білу үшін қажет екенін атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден

