АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда Еуропа елдерінен Гренландияны беруді талап етті. Ақ үй басшысының бұл қадамы Вашингтон мен Еуропа астаналары арасындағы қарым-қатынасты ушықтырып жіберді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Еуропаның ірі мемлекеттері Гренландияның тағдырын тек оның тұрғындары мен арал ресми түрде тиесілі Дания Корольдігі ғана шеше алатынын мәлімдеді.
Алайда Дональд Трамп Гренландияға қатысты жоспарына қарсы шыққан жағдайда, Еуропа елдерінің АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына 10% мөлшерінде тариф енгізетінін айтып, қысым көрсетуде.
Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі Трамптың Давостағы сөзі «Ең алдымен Америка» саясаты аясында өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, президент өз баяндамасында Венесуэла, Гренландия және АҚШ экономикасының жағдайы сияқты тақырыптарды қозғайды.
Сонымен қатар, бейсенбіде Трамп АҚШ бастамасымен құрылған Газа секторы бойынша «Бейбітшілік кеңесі» туралы егжей-тегжейлі айтып беруге ниетті. Бұл кеңес Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған 20 тармақтан тұратын жоспардың бір бөлігі болып табылады.
Фото: REUTERS

