Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасына қатысты дау жалғасып жатыр. Спортшының «B» сынамасы да оң нәтиже берген соң, оның менеджері Берік Сұлтан жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Жәнібектің қанынан тыйым салынған зат табылғаны белгілі болған еді. Ереже бойынша қайта алынған «B» сынамасы да алғашқы нәтижені растады. Осыған байланысты қазір боксшы тергеу аяқталғанша жекпе-жектерден уақытша шеттетілді.
Менеджер Берік Сұлтан спортшының кінәсіз екенін айтып, команданың іс-әрекеті туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
«Жәнібек «таза». Ол тыйым салынған ешқандай затты қабылдаған емес. Қазір допинг мәселесімен мамандар — промоутер, менеджер және заңгерлер айналысып жатыр. Біздің қолымыздан күтуден басқа ештеңе келмейді. Шаршы алаңнан шеттету мерзімін барынша қысқарту үшін жұмыс жүргізілуде. «B» сынамасынан да сол зат табылды. Өкінішті, әрине, бірақ басқаша нәтиже болуы екіталай еді. Енді ол заттың ағзаға қалай түскені зерттеліп жатыр. Келесі қадам қандай болатынын көреміз», — деп жазды Берік Сұлтан.
Фото: Әлеуметтік желіден

