Categories Жайық news

Дәрігерге тегін қаралу қиындай ма? 2026 жылдан бастап медицинада не өзгереді?

2026 жылдан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласында әр азаматқа әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа ережелер тегін медициналық көмек алудан бастап, дәрігерлерді қолдау және цифрлық қызметтерге дейінгі ауқымды саланы қамтиды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Бұл жаңашылдықтардың мәнін Qazaq Expert Club сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева түсіндіріп берді.

«Сапалы өзгерістер болды: медициналық көмек алу ережелерінен бастап, цифрландыру мен медицина қызметкерлерін қолдау шараларына дейін жаңарды. Барлығын ретімен талдап көрейік», – дейді сарапшы.

Тегін медициналық қызметтер тізімі қысқара ма?

Сарапшының айтуынша, тегін медициналық қызметтер тізімі қысқармайды. Төмендегі қызметтер толық көлемде сақталады:

  • Жедел медициналық жәрдем;
  • Учаскелік дәрігердің қабылдауы;
  • Профилактикалық тексерулер;
  • Скринингтер;
  • Жүкті әйелдер мен балаларды бақылау;
  • Шұғыл көмек қажет болғандағы негізгі диагностика.

Тағы бір маңызды жаңалық – әлеуметтік маңызы бар ауруларға (онкология, туберкулез, АИТВ, вирустық гепатиттер, инсульт пен инфаркт) күдік туындағанда тегін диагностика жасалады. Бұл тексерулер МӘМС мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа қолжетімді болады. Осы шара ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуді уақтылы бастауға мүмкіндік береді.

Ал жоспарлы түрде бейінді мамандарға қаралу, жоғары технологиялық диагностика және оңалту қызметтері енді тек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Негізгі медициналық көмек емханаларда шоғырланады: мұнда пациенттер диагностикадан өтіп, ем қабылдай алады және созылмалы аурулар бойынша бақылауда болады.

Мемлекет медицина қызметкерлерін қалай қолдайды?

2026 жылы медицина кадрларын кешенді қолдау күшейтіледі. Жүктемесі көп және мамандар тапшы салаларда, яғни жедел жәрдем қызметі мен жұқпалы аурулар бөлімшелерінде тарифтерді қайта қарау мен мақсатты үстемеақылардың арқасында қызметкерлердің табысы 10–15%-ға артты. Бұл еңбекақы төлеу қорын ұлғайтып, кадр тапшылығын азайтуға көмектесті.

Сонымен қатар медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғайтын және қызметтік міндеттерін орындау кезінде дәрігерлерге қоқан-лоқы көрсету, қорлау және күш қолдану үшін жауапкершілікті күшейтетін жаңа заң қабылданды.

Бұған қоса, өңірлік қолдау шаралары да бар. Мысалы, Жетісу облысында жас дәрігерлерге арнайы көтермеақы беріледі:

  • ауылдық жерде жұмыс істесе – 10 млн теңге;
  • қалалық медицина ұйымдарына орналасса – 5 млн теңге.

Цифрлық сервистер өмірді қалай өзгертеді?

Процестерді цифрландыру дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайды. Енді пациенттер мобильді қосымшалар мен eGov порталы арқылы:

  • дәрігерге жазыла алады;
  • МӘМС мәртебесін тексере алады;
  • жолдама ала алады;
  • талдау нәтижелерін көре алады;
  • емханаға бармай-ақ медициналық анықтамаларды рәсімдей алады.

Электрондық медициналық карталар қағаз құжаттарды алмастырса, телемедицина созылмалы аурулары бар пациенттерді қашықтан бақылау үшін қолданылады. Бұл кезектерді азайтып, қайта қабылдау санын қысқартады және пациенттер мен дәрігерлердің уақытын үнемдейді.

Азаматтарға қазір не істеу керек?

«Жоспарлы медициналық көмек алу үшін сізге МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі қажет. Бұл мәртебе тек жұмыс істеп, жарна төлейтіндерге ғана берілмейді. Азаматтардың жеңілдік жасалған 15 санаты үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сондай-ақ, әл-ауқатының дағдарыстық және шұғыл деңгейіндегі (Д және Е санаттары) жұмыссыздар үшін жарнаны жергілікті бюджеттер жабады. Мәртебеңіз болмаса, жоспарлы диагностикаға, мамандардың консультациясына және созылмалы ауруларды емдеуге қол жеткізу шектелуі мүмкін. Сондықтан өз мәртебеңізді алдын ала тексеріп, қажет болса, МӘМС жүйесіне қатысуды рәсімдеген жөн», – деп ескертеді Гүлнафис Жүсіпәлиева.

Фото: Жеке мұрағаттан

Ұқсас жазбалар

Жетімдердің жәрдемақысын иемденген: Қарағандыда қарулы топ ұсталды

Қарағандыда полиция қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілерін қорқытып, мемлекеттік жәрдемақысын тартып алып отырған топты ұстады.

Дипфейкке қатысты пәтуа шықты: ҚМДБ қатаң тыйым салды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жалған ақпарат тарату мақсатында дипфейк технологиясын қолдануға қатаң тыйым салатын пәтуа…

Астанада жедел жәрдем станциясының басшылары 850 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Астанадағы жедел жәрдем станциясының директоры мен үш қызметкері 850 млн теңге жымқырды деген күдікпен сотқа…