Батыс Қазақстанда 15 адам тышқан безгегін жұқтырды

Батыс Қазақстан облысында бүйрек синдромды геморрагиялық қызба, халық арасында «тышқан безгегі» деп аталатын қауіпті індет қайта өршіп, соңғы айларда 15 тұрғын осы дертті жұқтырғаны анықталды. Дәрігерлер мұндай жағдайдың күшеюіне аймақта кеміргіштердің қалыптан тыс көбеюі ықпал етіп отырғанын айтады. Вирус көбіне дала және үй тышқандары арқылы таралады. Адамға жұғуы үшін кеміргішпен тікелей байланысқа түсу шарт емес, оның нәжісі немесе зәрімен ластанған ауаны иіскеп дем алу – аурудың ең тез таралатын жолы.

Елімізде аталған вирус тек Батыс Қазақстан облысында ғана тіркеледі. Жыл басынан бері барлығы 24 адам медициналық мекемелерге жеткізіліп, стационарлық ем қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың басым бөлігі ауыр хәлде түседі: тәбеті жоғалып, жүре алмайтын жағдайға жететіндері де бар. Ауру асқынған жағдайда оның салдары бір айға дейін созылуы мүмкін.

Мамандар індеттің көбіне күз айларында өршитінін ескертеді. Өйткені ауа райы суытқан кезде кеміргіштер жылы орын іздеп үйлер мен қоймаларға жиі кіріп, адамдарға қауіп төндіреді. Биыл тышқандардың көбейіп кетуі жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Дәрігерлер тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырады. Үй мен қора-жайды таза ұстау, азық-түлікті жабық ыдыста сақтау, кеміргіштерді жою шараларын уақытылы жүргізу – індеттің алдын алудың ең негізгі жолдары. Сондай-ақ шаң басқан жерлерді құрғақ тазалаудан аулақ болып, алдымен сулап сүрту ұсынылады. Кеміргіш кіре алатын тесіктерді бітеп, тұрғын үйлерді дезинфекциялау да аурудан қорғайтын маңызды шаралардың бірі.

Мамандар тұрғындарды абай болуға шақырып, белгі байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дереу дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді.

Сурет:Pixabay.com

Ұқсас жазбалар

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛІК ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы жылу электр орталығында болды.…

БҚО-да қаланы көгалдандыруға арналған ғылыми ұсынымдар таныстырылып, оқыту семинары өтті

Орал қаласында қалалық аумақтарды көгалдандырудың заманауи тәсілдеріне арналған білім беру іс-шарасы өтті. Шараға көгалдандыру үдерістеріне…

БҚО әкімі тұрғындармен кездесті: Баспана, инватакси және жаңа жол мәселесі талқыланды

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындармен кездесті. Қабылдауда баспана, инватакси, жол құрылысы және экология мәселелері көтерілді.