Categories Саясат

Захира Бегалиева: ауыл тұрғындарына сапалы медицина мен әлеуметтік қызмет қолжетімді болуы керек

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада өткен «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI съезінде қоғам қайраткері Захира Бегалиева өңірлердегі әлеуметтік саясаттың басымдықтарына тоқталды. Ол ауыл тұрғындарына сапалы медицина, оңалту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, партияның негізгі ұстанымы – халықпен бірге болып, тұрғындардың күнделікті тұрмысында кездесетін мәселелерді шешуге ықпал ету.

«Халықпен бірге болу – бұл жай ғана ұран емес. Ол – адамның нақты өмірін көру. Әлеуметтік саясат дегеніміз – жәрдемақы ғана емес, адамның денсаулығы, отбасы, қауіпсіздігі, жұмысы және баласының болашағы», деді Захира Бегалиева.

Спикер ауыл мен қала тұрғындарының құқықтары бірдей болғанымен, мүмкіндіктері әрдайым тең емес екенін айтты. Оның сөзінше, көптеген ауылдарда дәрігерлер жетіспейді, ал кейбір тұрғындар сапалы медициналық көмек алу үшін аудан немесе облыс орталығына баруға мәжбүр.

Захира Бегалиева партия қатарына Өскемен қаласында өткен «Біз өмір сүреміз!» инклюзиялық фестивалінен кейін қосылғанын айтып, осы бағыттағы тәжірибесін халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге арнайтынын жеткізді.

Ол ауылдағы медицина, оңалту және әлеуметтік қызметтерді дамытуда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Телемедицина ауылдағы адамға қалаға бармай-ақ дәрігердің кеңесін алуға мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект қай өңірде қандай қызмет жетіспейтінін анықтап, шешім қабылдауды жеңілдетеді. Бірақ ең бастысы – барлық технология адамға қызмет етуі керек», деді спикер.

Сонымен қатар ол инклюзивті саясаттың тиімді жүзеге асуы үшін өңірлердегі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізудің маңызын айтты. Оның пікірінше, «Ауыл» партиясы бұл бағытта халықтың нақты мәселелерін анықтайтын қоғамдық алаңға айнала алады.

«Қуатты ауыл – тек өндірісі бар ауыл емес. Қуатты ауыл – адамы қорғалған ауыл. Қуатты өңір – тек экономикасы дамыған өңір емес, медицинасы, әлеуметтік қызметі және отбасына қолдауы бар өңір», деді Захира Бегалиева.

Сөз соңында ол әлеуметтік саясат азаматтың қай жерде тұратынына тәуелді болмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала мен ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке, білімге және әлеуметтік қолдауға тең қолжетімділігі ғана өңірлердің тұрақты дамуына негіз болады.

Захира Бегалиева делегаттарды партияның сайлауалды бағдарламасын қолдауға шақырып, оның әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Ұқсас жазбалар

«Ауыл» партиясы Құрылтайға 69 кандидатты ұсынды

«Ауыл» партиясының XXVI кезектен тыс съезінде Құрылтайға ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.

«Ауыл» партиясының съезінде жәрдемақымен ел құруға болмайтыны айтылды

XXVI съезде «Ауыл» партиясы алғаш рет аграрлық күн тәртібінен бәсекелестермен тікелей пікірталасқа көшті.

С.Егізбаев: Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау үш жылда 11 есеге артты

«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары С.Егізбаев партияның кезектен тыс XXVI съезінде ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер…