Сурет: Gov.kz
1-3 шілде аралығында бірнеше өңірде балалар қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтті. Оған 3 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Рейдтер Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Абай, Ұлытау облыстарында өтті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицияға 2400-ден астам кәмелетке толмаған жеткізілген. Оның ішінде 1500-ден астамы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, 1000-ға жуығы қараусыз және панасыз жүргені үшін жеткізілген.
Жалпы 4000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бала тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін 257 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ балаларының түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүруіне жол бергені үшін 1500-ге жуық ата-анаға шара қолданылды.
ІІМ атап өткендей, іс-шаралар өткен кезеңде бұл өңірлерде кәмелетке толмағандардың қатысуымен бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

