Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ыстанбұлда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конференциясында Қазақстанның медицина және жер сілкінісі кезіндегі шұғыл әрекет ету жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, ел аумағының шамамен 40 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Осыған байланысты төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Қазіргі уақытта Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы көпбейінді аурухананы, санитарлық авиация қызметін және 20 өңірлік жедел жәрдем станциясының жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпті учаскелерінде 41 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.
Ақмарал Әлназарова Алматы мен Өскемендегі Апаттар медицинасы орталығының арнайы жасақтары мен санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Конференция аясында қазақстандық делегация Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі және ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар шұғыл медицина мамандарын бірлесіп даярлау, апаттар медицинасы қызметін дамыту және заманауи технологиялармен алмасу жөнінде уағдаласты.
Министрдің сөзінше, ірі жер сілкіністері мен өзге де төтенше жағдайлардың салдарын тиімді еңсеру үшін мемлекеттер тәжірибе, технология және кәсіби біліммен бөлісуі қажет. Қазақстан бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын.

