Categories Саясат

«Ақ жол» партиясының сайлауалды съезі Астанада өтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды съезі өтті. Жиынға 200-ден астам делегат қатысып, партия Құрылтай депутаттарының сайлауға қатысуы, саяси бағдарламаны бекіту, кандидаттардың партиялық тізімін бекіту және ұйымдастыру мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Партия төрағасы Дания Еспаеваның айтуынша, елде әділ ереже орнап, әр азаматқа еңбек етуге, кәсіп ашуға және өзін-өзі дамытуға толық мүмкіндік берілгенде саяси реформа өз мақсатына жетеді. Партияның «Өзгерістер қажет» атты саяси бағдарламасы осы мақсатқа арналған.

Өзгерістер басталып кетті. Ал біздің міндетіміз – сол өзгерістерді әрбір азаматтың өз өмірінде сезінуіне жағдай жасау. Мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, жаңа саяси институттар құрылып жатыр. Біз бұл реформаларды қолдаймыз және кез келген өзгеріс бір күнде нәтиже бермейтінін білеміз. Ол үшін уақыт, табандылық және қоғамның қолдауы қажет. Бүгінгі біздің мақсатымыз да осы, съезде партиямыздың жаңа бағытын айқындап, саяси бағдарламамызды бекіту. Бұл — жай ғана қағаз жүзіндегі құжат емес, «Ақ жол» партиясы Қазақстанның жаңа дәуіріне қандай идеямен, қандай жауапкершілікпен барады? деген сауалға жауап, – деді партия төрағасы.

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының жаңа төрағасы болып сайланды. Ол партия құрғақ уәдені үйіп-төкпей, елді дамытудың нақты бағдарламасын ұсынатынын жеткізді.

Құрылтайдың мемлекеттік бюджетті бақылау жөніндегі өкілеттігін күшейту қажет. Сондықтан мемлекеттік қаржының барлығын Құрылтайдың бақылауына қайтару – аса маңызды міндет. Бұл тек мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттеріне ғана қатысты емес. Азаматтар мен бизнестен алынатын «жинақтаушы», «сақтандыру» немесе «мүшелік жарна» деп аталатын барлық міндетті төлемдер іс жүзінде қосымша салыққа айналып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының нақты мақсатсыз жұмсалуы, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мерзімді дау-дамайларды ескерсек, бұл қорларды басқару, олардың шығыстары мен сыйақылары да Парламентте ашық талқыланып, бақылаудан өтуі тиіс, – деді Дания Еспаева.

Партия төрағасы «Қазақстанда кедейлер болмауы тиіс» деп ұрандады. Оның айтуынша, бұған еліміздің мүмкіндігі жетеді: жері бай, экономикасы мықты, халқы талантты. Әрбір азамат сапалы білім мен лайықты медициналық қызмет алуы керек, еңбегі адал бағаланып, ертеңгі күніне сеніммен қарауы қажет.

Сайлауалды бағдарлама таныстырылымы талқылауға ұласып, бірқатар партия өкілдері сөз сөйледі. Одан әрі Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Оған еліміздің барлық өңірлеріндегі отандық кәсіпкерліктің, сарапшылар қауымдастығы мен қоғамдық қызметтің түрлі салаларының өкілдерінен құралған 63 кандидат енгізілді.

Ұқсас жазбалар

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы: ашықтық пен жауапкершілік

Қазақстан жаңа саяси кезеңге аяқ басты. Биыл 23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының…

«Әділет» партиясы III кезектен тыс Съезін өткізеді

«Әділет» партиясы III кезектен тыс Съезін өткізеді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның III кезектен…

«Respublica» партиясының съезінде жаңа Конституцияға сәйкес Жарғы бекітілді

«Respublica» партиясының съезінде делегаттар жаңа Конституцияға сәйкес Жарғыны бекітті.