Сурет: Egemen Qazaqstan
Мундиальдағы кезекті жарыс күні Инглвуд (АҚШ) қаласындағы «Соу-Фай Стэдиумда» Испания мен Аустрия құрамалары кездесті. Бұл бәсекені 70 492 көрермен тамашалады, стадионда бос орын болмады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мамандар мен қарапайым көрермендер Испанияның жеңіске жететініне күмән келтірмеді. Испания – әлем чемпионы (2010), Еуропаның төрт дүркін чемпионы (1964, 2008, 2012, 2024), Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы (1992, 2024). Аустрияның Олимпиадада күміс, әлемдік додада қола жүлделері бар, бірақ бұл табыстар 1936 және 1954 жылдары қол жеткізілген.
Ойынды Испания толық бақылады. 38-минутта Микель Оярсабаль Марк Кукурельяның пасынан гол соқты. 66-минутта Педро Порро есепті еселеді, ал 89-минутта Оярсабаль тағы бір гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Кукурелья екі нәтижелі пас берді.
Торонтода Португалия мен Хорватия арасындағы матч тартысты өтті. 53-минутта Иван Першич есеп ашты. Португалия бапкері Роберто Мартинес төрт ойыншыны ауыстырып, тәуекелге барды. Криштиану Роналду 11 метрлік айып добын соғып, есепті теңестірді. 90+4-минутта Гонсалу Рамуш гол соғып, Португалияны алға шығарды. Қосымша уақытта Йошко Гвардиола гол соққанымен, VAR ойыннан тыс қалғанын анықтады. Нәтижесінде Португалия 1/8 финалда Испаниямен кездеседі.
Ванкувердегі «Би-Си Плейс» стадионында Швейцария Алжирді 2:0 есебімен жеңді. 11-минутта Брель Эмболо, 46-минутта Дам Ндойе гол соқты. Швейцария келесі кезеңде Колумбия мен Гана арасындағы матч жеңімпазымен ойнайды.

