Categories Қаржы

Қытай Қазақстанға $1,5 млрд инвестиция салмақ: жаңа өндірістер іске қосылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың ірі өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік холдингтерінің басшыларымен кездесті. Келіссөздер Үрімшідегі «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының алаңында өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

China Рingmei Shenma Holding Group басшылығымен өткен кездесуде қытайлық компания Қазақстанда $1,5 млрд-қа дейінгі инвестициямен көмір-химия кешенін салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Жоба көмірді терең өңдеудің толық циклін құруды көздейді. Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, Қытай тарапын Қазақстанға шақырды.

«Біз көмір химиясы саласындағы жобаларды қызу қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен және Қазақстанның даму банкімен бірлесіп, қаржыландыру тетігін пысықтауға дайынбыз. Абай облысы да ынтымақтастық үшін ашық және жобаны жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын», — деді вице-премьер.

Келіссөздер қорытындысы бойынша China Рingmei Shenma Holding Group пен «QazTrade» АҚ көмір ресурстарын игеру және көмір химиясын дамыту саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тағы бір әріптес — Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd. тобы. Тараптар ветеринарлық препарат өндіру технологиясын беру, ветеринария, мал және өсімдік шаруашылығы саласында кешенді шешім енгізу мүмкіндігін талқылады. Қытайлық компания «Қорғас» АЭА аумағында жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салу жобасын ұсынды.

Серік Жұманғарин Абай облысын агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобалардың базалық алаңы ретінде қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ ол Қазақстан мал шаруашылығы өнімін әлемдік нарыққа экспорттауға қосымша мүмкіндік алғанын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан тірі малды экспорттауға емес, терең өңделген дайын өнімді жеткізуге мүдделі. Сапаны бақылау мен заманауи логистика инфрақұрылымын құру қытай нарығына қайта өңделген өнім экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды. Цифрлық теңге мемлекеттік сатып алуларда, инвестициялық жобаларда, субсидиялау…

Қонаевта кардиологиялық орталық ашылды

Қонаевта кардиологиялық орталық ашылды. Құрылысқа 3 млрд теңге жеке инвестиция салынып, 200 медицина қызметкері жұмысқа…

Қазақстан мен Қытай терең өңдеу жобаларын талқылады

Үрімшіде өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай көмір химиясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және ветеринария…