Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енгізілген. Биылғы жиынға Қазақстанның бірнеше аймағынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысты.
Президент бұл іс-шараның өскелең ұрпақтың рухын шыңдап, отаншылдыққа тәрбиелейтінін атап өтті.
«Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 1 шілде күні Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша ел дамуының жаңа дәуіріне қадам басатынымызды еске салды.
«Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жиынында Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің командасы жеңіске жетті. Олар 2,5 шақырымдық қашықтықты 26 минут 30 секундта еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті.

