Categories Әлем

Еуропада 130 млн жұмысшыға аптап ыстық қаупі төніп тұр – кәсіподақ институты

Сурет: ChatGPT (AI)

Еуропалық кәсіподақтар институты (ETUI) аптап ыстық кезеңінде қызметкерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған еуропалық заңнама жобасын ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Еуропада температуралық рекордтар жаңарып жатыр. Мұндай экстремалды ауа райы үйде де, жұмыс орнында да адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының жанындағы зерттеу орталығы – Еуропалық кәсіподақтар институты (ETUI) бейсенбі күні климаттың өзгеруі жағдайында жұмысшылардың денсаулығын қорғауға арналған ұсыныстар қамтылған баяндаманы таныстырды.

Баяндама авторларының бірі бұл мәселе тек Еуропаның оңтүстігіне ғана тән емес екенін атап өтті.

– Әрине, ең ауыр жағдай оңтүстікте, өйткені өндірістегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі сонда тіркеледі. Бірақ мұндай оқиғалардың ең жоғары өсімі Орталық және Солтүстік Еуропада байқалып отыр. Оңтүстікте бұрыннан ыстық, бұл бұрыннан бар мәселе. Алайда орталық пен солтүстік өңірлер де өте жылдам қарқынмен сол деңгейге жақындап келеді, – деді Фессалия университетінің физиология профессоры Андреас Флурис.

Баяндамаға сәйкес, Еуропа бойынша шамамен 130 миллион қызметкер жұмыс орнында ыстықтан болатын күйзеліс жағдайына ұшырайды. Соның салдарынан жыл сайын шамамен 277 мың өндірістік жарақат тіркеліп, 230 адам көз жұмады.

Еуропалық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау агенттігінің (EU-OSHA) 2025 жылғы сауалнамасы Еуроодақтағы әрбір бесінші қызметкердің соңғы 12 ай ішінде жұмыс орнында аптап ыстықтың әсерін сезінгенін көрсетті. Климаттың өзгеруі мұндай ыстық толқындарының жиілігі мен қарқындылығын арттырып, адамдардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, еңбек өнімділігін де төмендетіп отыр.

– Жұмыс істеуге ең қолайлы температура – 16 °C. Осы межеден жоғары әрбір 1 °C сайын еңбек өнімділігі орта есеппен 2 пайызға төмендейді, – деді Андреас Флурис Euronews арнасына берген сұхбатында.

– Еуропаның оңтүстігіндегі кәдімгі аптап ыстық кезінде еңбек өнімділігі шамамен 20–25 пайызға төмендейді. Орталық Еуропада бұл көрсеткіш 8–14 пайыз болса, Скандинавияның өзінде жыл бойы ыстықтың әсерінен өнімділік 3–6 пайызға азаяды, – деп ойын толықтырды.

Ғылыми деректерге сүйенген баяндама авторлары Еуроодаққа жұмыс орнындағы аптап ыстық қаупін реттеуге арналған арнайы заң қабылдауды ұсынады.

– Біз жұмыс берушілерді жұмыс орындарындағы аптап ыстыққа байланысты қауіптерді анықтап, бағалауға міндеттейтін жылу қаупін міндетті түрде бағалау жүйесін енгізуді ұсынамыз. Қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді нақты түсінгенде ғана қызметкерлерді қорғай аламыз әрі қызып кетуге байланысты тәуекелдердің алдын аламыз, – деді Еуропалық кәсіподақтар институтының зерттеушісі Маруан Лааббас-эль-Геннуни.

Баяндамада жылу күйзелісінің әсерін бағалау үшін неғұрлым кең көрсеткіштер жүйесін пайдалану ұсынылады. Авторлардың пікірінше, тек ауа температурасына сүйену жеткіліксіз. Қауіп деңгейін анықтау кезінде ауаның ылғалдылығы мен желдің жылдамдығы да ескерілуі қажет.

Зерттеушілердің айтуынша, аптап ыстық толқындары – өлшеуге, болжауға және тиісінше алдын алуға болатын құбылыс.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан мен Қытай ғылым, білім және инновация саласында жаңа бастамаларды қолға алды

Қазақстан мен Қытай ғылым, білім және инновация саласында жаңа бастамаларды қолға алды. Вице-министр Гүлзат Көбенова…

Ормуз бұғазындағы дрон шабуылы: Трамп Иранды айыптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды Ормуз бұғазында кемелерге дрон шабуылын жасады деп айыптады.

Ормуз бұғазындағы ахуал: Иран бақылауды әлі де өз қолында ұстап отыр

АҚШ-тың арнайы делегациясы Абу Дабиге барып, Парсы шығанағындағы одақтастарымен қауіпсіздік пен Иранға қатысты ахуалды талқылады.