Сурет: credit: FIFA
Эквадор құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Е тобындағы соңғы матчында Германияны 2:1 есебімен жеңіп, 1/16 финалға жолдама алды. Кездесу АҚШ-тың Нью-Джерси штатында өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Германия ойынның 2-минутында есеп ашты. Лерой Зане ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, 1934 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең жылдам голдың авторы атанды.
Эквадор 9-минутта есепті теңестірді. Жартылай қорғаушы Нильсон Ангуло гол соғып, бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.
Екінші таймның басында төреші Германияның пайдасына пенальти белгілегенімен, бейнеқайталау жүйесі (VAR) арқылы эпизодты қайта қарап, Лерой Заненің Педро Витеге бұған дейін ереже бұзғанын анықтап, шешімін өзгертті.
Эквадор жеңіс голын 77-минутта соқты. Кевин Родригес допты Гонсало Платаға бағыттап, ол дәл соққымен допты қақпаның жоғарғы бұрышына кіргізді.
Жеңілгеніне қарамастан, Германия құрамасы доп айырмасы бойынша Кот-д’Ивуардан басым түсіп, алты ұпаймен топтағы бірінші орнын сақтап қалды. Кот-д’Ивуар да топтық кезеңді алты ұпаймен аяқтады.
Бұған дейін әлем чемпионатының он төртінші ойын күнінің қорытындысы бойынша Швейцария, Канада, Бразилия және Марокко құрамалары 1/16 финалға жолдама алғаны, ал Оңтүстік Африка құрамасы өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шыққаны хабарланған. Сондай-ақ Колумбия екінші рет жеңіп, плей-офф сатысына шықты.

