Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 маусымда Брюссельге ресми сапармен барды. Бұл соңғы жылдардағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік сауда жүйесіндегі өзгерістер кезеңінде өткен сапар екі тараптың да стратегиялық серіктестікке мән беретінін көрсетті. Бұл туралы Jibek joly арнасының «Талдау» бағдарламасында сарапшы Нұрбек Мәтжани айтты.

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен, Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер және ірі еуропалық компаниялардың басшыларымен кездесті. Көлік, авиация, инфрақұрылым және инвестиция салаларында нақты келісімдерге қол жеткізілді.

«Бұл сапардың өзегінде қарапайым, бірақ маңызды шындық жатыр: Еуропалық Одақ Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі ретінде қарастырады. Себебі бүгінде ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың елеулі бөлігі еуропалық мемлекеттерге тиеслі. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаны технология, инвестиция, өнеркәсіпті жаңғырту және экспорттық нарықтарды әртараптандырудың маңызды көзі ретінде қарастырады», — деді Н. Мәтжани.

2025 жылы Самарқандта ЕО — Орталық Азия саммитінде тараптар стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласқан еді. Брюссельдегі кездесулер Самарқандта қабылданған шешімдердің орындалу барысын бағалауға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға арналды.

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі — көлік және логистика. Еуропа Ресей аумағы арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға балама іздеп жатқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытының («Орта дәліз») маңызы артып келеді. Бұл маршрут Қытай мен Орталық Азияны Қазақстан, Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан үшін Орта дәлізді дамыту Еуразиядағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтеді. Еуропалық Одақ үшін бұл бағыт жеткізу тізбектерін әртараптандырудың және сауда қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы.

Сапардың нақты нәтижелері: Қазақстан мен ЕО арасында әуе қатынасы туралы кешенді келісімге қол қойылды. Транскаспий дәлізі инфрақұрылымын дамытуға арналған несие келісімі жасалды. Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен бірқатар меморандумдарға қол қойылып, Air Astana үшін Airbus ұшақтарын жеткізу жөніндегі коммерциялық келісім рәсімделді.

Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты — стратегиялық шикізат пен сирек металдар. Еуропа жасыл энергетикаға көшу үшін маңызды минералдардың сенімді жеткізушілеріне мұқтаж. Қазақстан мұндай ресурстардың елеулі қорына ие және осы салада сенімді әріптес ретінде өз орнын нығайтып келеді.

Энергетика мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазақстан мұнай мен газ өндіруші маңызды мемлекет ретінде Еуропаның сенімді серіктесі болып қала береді. Алайда тараптар дәстүрлі көмірсутектерден бөлек жаңартылатын энергия көздері, жасыл технологиялар және климаттық бастамалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мәселелері де талқыланды. Қазақстан мен ЕО инновациялар, цифрлық трансформация және жоғары технологиялар саласындағы әріптестікті күшейтуге мүдделі.

Сыртқы саясат тұрғысынан Брюссельге сапар Қазақстанның көпвекторлы дипломатия саясатының жалғасып жатқанын дәлелдеді. Астана әлемдік негізгі күш орталықтарымен теңгерімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.

Ұқсас жазбалар

Жасанды интеллект Екібастұз ГРЭС-1 жұмысын тәулік бойы бақылауда

Энергетика министрлігі 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау аясында саланы цифрлық трансформациялау…

Спортшылар Президентке қолдау үшін алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев кешендегі спорт залдарын аралап, спортшылармен кездесіп, олардың алғысын естіді.

Алматы облысында екі БАҚ маманына пәтер кілті берілді

Алматы облысында Мемлекет басшысының атынан өңірдегі жағымды жаңалықтарды насихаттап жүрген екі БАҚ маманына пәтер кілті…