Categories Көңіл ашар

Қаламгер Ғабит Мүсірептің екі жаңа кітабының тұсаукесері өтті

Сурет: ті түсірген Ерлан ОМАР/ Egemen.kz

Қарымды қаламгер, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп 60 жасқа толуына орай екі кітабын жарыққа шығарды. Ұлттық академиялық кітапханада публицистің «Болмысы бөлек Бесқала» және «Соңғы мүмкіндік» атты жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Соңғы мүмкіндік» кітабында автор ел мен жердің, мемлекет пен ұлттың өткені мен бүгінін саралап, болашаққа деген толғанысы мен алаңын білдіреді. Жинақтың атауы терең мағынаны білдіреді. Әр шығармада көп қиындық көрген халықтың қателікке жол бермеу керектігі айтылады. Бұл еңбек оқырманға Тәуелсіздіктің қадірін сезіндіреді.

«Екі кітап та соңғы жылдары жазған жинағым. Бірінде ұлттық мүдде, мемлекетшілдік мәселелері, еліміздің Тәуелсіздігі хақында болатын болса, екінші туынды менің туған жерім Бесқала жайында жазылған. Менің шығармаларым қазақ жұртына жетіп жатса, онда еңбектің ақталғаны. Бүгінгі шараға жиылған қауымға мың алғыс! Бір-бірімізді қолдап, рухани дүниемізбен бөліскен кезде ғана адамның жазғаны бағалана түседі деп ойлаймын», деді Ғабит Мүсіреп.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, журналист Ғабит Мүсірептің әр мәселеге ерекше көзқарасын атап өтті. Ол автордың жұмысына жазушы Әбіш Кекілбаевтың берген бағасын еске салды.

«Жазушымен болған сұхбатты тапсырмаға сәйкес, басынан соңына дейін түсірмей, газет сұхбатына келтірді. Бұл Ғабиттің батылдығы, жұмысқа шығармашылықпен қарауы деп білемін. Сонда қазақтың Әбіші сұхбатты оқып отырып, «Мына жігіт мықты екен. Менің артық айтқан сөздерімді алып тастап, тақырыбын қалай жақсы қойған» деп баға берген болатын. Содан кейін сол сұхбатты сол күнгі нөмірге салып жіберген едік. Шын мәнінде, Ғабит Мүсіреп журналистикада жанкештілікпен жұмыс істеп, газетке ақ адал қызмет етіп келе жатқан жан», деді Сауытбек Әбдірахманов.

Сауытбек Әбдірахманұлы «Болмысы бөлек Бесқала» кітабына ерекше тоқталды. Бұл туынды автордың туған өлкесіне арналған. Кітапта аймақтан шыққан көрнекті тұлғалар туралы шығармалар жинақталған. Автор әсерлі тілмен олардың өмір жолындағы жетістіктерін суреттейді.

Жазушы Мәди Айымбетов автордың қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиетін атап өтті.

«Журналист болу бір басқа, журналистік қызметті ұйымдастыру, соның бағытын айқындау, оның тізгінін ұстау – екінші мәселе. Осы тұрғыдан келгенде Ғабиттің көп тәжірибесі бар. Еліміздің бас басылымында жүріп, кейін жаңадан ашылған «Нұр Астана» газетіне күш-қайратын жұмсап, қабілетін көрсетті. Қазір бас басылымда жетекшілік етіп, оқырманды газетке, газетті оқырманға жақындатып жүр», деді жазушы.

Айта кетейік, журналист Ғабит Мүсірептің бұған дейін 5 жинағы жарық көрген. Ал жаңа екі кітаптың әрқайсысы 500 данадан басылып шықты.

Ұқсас жазбалар

Нұрлан Сабуровтың Еревандағы концертіне қатысты дау туды

Әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың Ереванда жоспарланған концертіне қарсы пікірлер көбейді. Әзілкештің концерті 5 шілде күні…

Дастан Сәтпаев Қазақстанның ең қымбат футболшысы атанды

Ұлттық құрама шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Челси» сапына ауысқаннан кейін трансферлік бағасы өсті. 17 жастағы футболшының…

Перизат Қайраттың тәркіленген Mercedes-Benz көлігі аукционға қойылды

Перизат Қайраттың қылмыстық ісі бойынша тәркіленген тағы бір қымбат автокөлік сатылымға шығарылды.