Сурет: Бейнежазбадан
Астанада полиция қызметкерлері тұрғын үй кешендерінің бірінде тәртіп бұзып, екі лифтіні зақымдаған ер адамды анықтады. Күдікті ретінде 34 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 21 маусым күні кешке Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Бақылау камераларына түсіп қалған бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан ер адамның лифтіге кіріп, кабина есігі мен ішкі қаптамасын жұдырықтап, бүлдіре бастағанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, оқиға салдарынан екі лифт зақымданған.
Тұрғындардың болжамынша, ер адам оқиға кезінде мас күйде болуы мүмкін. Бейнежазба жарияланғаннан кейін тұрғындар құқық бұзушының жеке басын анықтап, ортақ мүлікке келтірілген залал үшін жауапқа тартуды талап етті.
Астана қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құраған.

