Сурет: sportilinet.kz
Бүгін әлем чемпионатының топтық кезеңінде Португалия Өзбекстанмен, ал Англия Ганамен ойнайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Португалия алғашқы турда Конго ДР-мен 1:1 есебімен тең түсіп, ұпай жоғалтты. Команда сапында жалғыз голды Жоау Невеш соқты. Ал Криштиану Роналду ірі турнирлерде 10 матч бойы гол соға алмай келеді.
Екінші турда Роберто Мартинес шәкірттері дебютант Өзбекстан құрамасымен кездеседі. Кездесу елорда уақытымен 22:00-де өтеді. Алғашқы матчта Өзбекстан Колумбиядан 3:1 есебімен жеңілген.
Англия алғашқы турда Хорватияны 4:2 есебімен ұтып, турнирді сәтті бастады. Джуд Беллингем, Маркус Рэшфорд пен дубль авторы Харри Кейн гол соқты. Томас Тухель баптайтын команда Гананы жеңсе, плей-оффқа шығуға жақындайды.
Гана алғашқы ойында Панаманы 1:0 есебімен ұтып, үш ұпай алды. 24 маусымға қараған түні сағат 01:00-де өтетін Англия мен Гана арасындағы кездесуде L тобының көшбасшысы анықталады.
Сағат 04:00-де алғашқы турда жеңілген Панама мен Хорватия, ал сағат 07:00-де K тобында көш бастап тұрған Колумбия Конгомен ойнайды.
Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді.

