Сурет: Ақорда
Брюссельге ресми сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы отандастарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Ол жалпыхалықтық референдумда халықтың бірауыздан Конституцияны қолдағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жаңа Ата заң 1 шілдеде күшіне еніп, халықтың темірқазығы болады.
– Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленгенін айтып, жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырды. Кездесу барысында отандастар оқу мен жұмыстағы жетістіктері және болашақ жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, KU Leuven университетінің студенті Әлім-Сері Махамбәтәлі Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығы, ал Аружан Болатбекова Брюссельдегі Kazakh Speaking Club қызметі туралы баяндады. Президент кездесу соңында Бельгиядағы студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тіледі.

