Сурет: Egemen Qazaqstan
Елімізден жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың алдын алу үшін шекара маңындағы аймақтарда патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істеп тұр. Бұл бекеттерде жол талғамайтын көліктер арқылы жүзеге асырылатын заңсыз тасымалдау деректерін анықтауға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ мәліметінше, көлемі ұлғайтылған жанармай бактарымен жабдықталған көліктердің басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген.
«Мысалы, Қордай ауданында конструкциясы заңсыз өзгертілген автобус анықталды. Тексеру барысында ішінде әрқайсысының сыйымдылығы 600 литр болатын жасырын қосымша бактар табылды», деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Соңғы екі айдың ішінде полицейлер шамамен 17 тонна жанар-жағармайдың елден заңсыз шығарылуына тосқауыл қойған. Сондай-ақ қайта жабдықталған жанармай бактары орнатылған 87 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, көліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысатын техникалық қызмет көрсету станцияларын анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

