Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстан мен Грекия экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа бірлескен жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Аталған мәселелер Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Грекияның Қазақстандағы елшісі Антония Кацуру арасындағы кездесу барысында талқыланды.
Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі 2026 жылдың екінші жартысында Афина қаласында Қазақстан-Грекия экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысын өткізу жоспарының расталуы болды. Тараптар бұл алаңда нақты жобалар мен іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқыламақ.
Кездесуде грек инвестицияларын тартуға ерекше назар аударылды. Қазақстан жаңартылатын энергия көздері, көлік және логистика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, қалдықтарды қайта өңдеу, фармацевтика, туризм және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар екі ел арасындағы экономикалық байланыстар бүгінде де белсенді дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 2,4 млрд долларды құрады.
Қазақстанның Грекияға экспорттайтын негізгі өнімдері шикі мұнай, полипропилен, ферроқорытпалар және жасымық. Ал Грекиядан Қазақстанға дәрілік препараттар, топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдықтар, синтетикалық шайырлар, полиуретандар, сондай-ақ сүтті өңдеу және қайта өңдеу жабдықтары жеткізіледі.

