Categories Көңіл ашар

Ринат Досымовтың есімі Астанадағы кітапхана бөліміне берілді

Сурет: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Астанада Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың бір бөліміне журналист, Kazinform агенттігінің шығарушы редакторы болған Ринат Досымовтың есімі берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шешім қаламы арқылы халықтар мен мәдениеттерді, идеяларды біріктірген журналистің еңбегін бағалау және есімін дәріптеу мақсатында қабылданған. Ринат Досымов 2025 жылдың 15 тамызында дүниеден озды. Ол қайтыс болғаннан кейін бір жылға жуық уақыт өткен соң, оның есімі кітапхананың поляк бөліміне берілді.

Жиынға әртүрлі сала өкілдері – әріптестері, достары, этномәдени ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері және журналиспен бірлескен жобаларды атқарған азаматтар қатысты. Олар Ринат Досымов жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның кәсіби және қоғамдық еңбектері туралы айтты.

Алғашқылардың бірі болып Астанадағы Польша елшілігінің өкілдері сөз сөйледі. Олар: «Біздің мемлекет қайраткері, Сенаттың алғашқы маршалы Анджей Стельмаховский әрдайым шығыстағы поляктарды қолдауға айрықша көңіл бөлетін. Біз бұл миссияны бүгін де жалғастырып келеміз. Отаннан жырақта поляк мәдениетін сақтау – зор әрі үздіксіз еңбек. Осындай талпыныстардың арқасында мәдениет және дәстүр одан әрі өмір сүреді», – деді.

Поляк елшілігінің өкілдері Ринат Досымовтың осы мақсатта жұмыс істеп, ауқымды жобалардың ортасында жүргенін атап өтті. Олар: «Үлкен дүниелерді жасауға идеялар, ынта мен еңбек керек. Ринатта мұндай қасиет болатын. Біз оны поляк тілін тез меңгеріп, қызметіне өзін, өмірін толық арнаған адам ретінде еске аламыз», – деді.

Kazinform агенттігінің коммерциялық қызметінің бас маманы Қаламқас Әбуова естелігінде: «Ең бастысы, бүгін ол ел есінде. Ринаттың есімі осындай іс-шараларда айтылады, ал ісі әлі де жалғасып жатыр. Демек, оның мәдени бастамалар мен кітапхана кеңістігіне қосқан үлесі, шын мәнінде, маңызды болғаны», – деді.

Қаламқас Әбуова Ринат Досымовтың Kazinform агенттігінде он жылдан астам шығарушы редактор болып істеген қызметіне тоқталды. Ол: «Ринат ауысымда болғанда, ешқандай олқылық кетпейтініне әрдайым сенімді жүретінбіз. Кез-келген шешімді өз бетімен қабылдай алатын немесе талқылаудан кейін ең дұрыс шешімді таңдай білетін. Өте сауатты болды, тарихты жақсы білді, әр сөзге жауапкершілікпен қарады. Оның алдынан өтетін әр материал түрленіп шыға келетін. Агенттікте жұмыс істеген қаншама жылдың ішінде Ринат қызметінде бірде-бір рет сүрінген емес. Ол жоғары деңгейдегі кәсіби маман, ең бастысы өз жұмысын шын жақсы көретін адам болды», – деді.

Ринат Досымовтың журналистік қызметінен бөлек, қаламгерлік қыры да болды. Ол әртүрлі тілдерде сөздерді қолданып, өлеңдер жазды, әсіресе поляк тіліне деген ықыласы ерекше еді.

Журналистің ағасы Марат Досымов: «Ол бала кезінен шығармашылық адамы болды. Көп сурет салатын, ән шырқайтын. Ауыл жұрты үшін мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын. Сол кездің өзінде көпшілікті айналасына үйіріп, қарапайым идеяларды елеулі оқиғаларға айналдыра білетін», – деді. Оның сөзінше, Ринат өмір бойы осы қалпынан танбады: «Идеялары сарқылмай, үнемі жаңа бастамаларды қолға алып жүретін. Өзінің ісін уайымдап, соңына дейін жеткізуге тырысатын. Өмірінің соңында өлеңдерін полякша жаза бастады. Жырлары оның жан дүниесі болатын, сол арқылы сөз киесін сезінді», – деді.

Көкшетаудағы поляк жастар мәдени орталығының бұрынғы басшысы Татьяна Бахалович те естеліктерімен бөлісті. Ол Ринат Досымовпен 2005 жылы танысып, ұзақ жыл бойы шығармашылық әріптестікте болған. Ол: «Ринатпен 2005 жылы танысып, бірге жұмыс істей бастадық. Ол біздің шығармашылық бастамаларымызға атсалысатын. Ән айтуды жаны сүйді. Дуэт пен топтар ұйымдастырды. Ашық-жарқын мінезімен, шаршамас-талмас қайратымен тез сіңісіп, әрдайым жұмысқа «қойып кететін», – деді. Журналист Астанаға кеткеннен кейін де байланыс үзілмеген. Татьяна Бахалович: «Елордаға қоныс аударса да, байланыста болып, бірлескен жобаларды ақылдасып, атқардық. Көп жыл бойы бір шығармашылық ортада болдық», – деді.

Оның сөзінше, Ринаттың өмірінде кітаптар мен шығармашылық орта елеулі орын алған. Ол осы құндылықтармен өмір сүріп, мәдени үдерістерден бір күнге де ажырамаған. Сапарда немесе кездесуде кітап сыйласа, балаша қуанып, үйіндегі кітапханасын байыта берген. Оның ізі бірнеше мәдени кеңістікте қалды. Татьяна Бахалович: «Ол поляк мәдениетіне ғана емес, татар және неміс мәдени орталарына да еңбек сіңірді. Өзі «мен бәріне жетемін» деп жүретін», – деді.

Ұқсас жазбалар

Balkhash Tour Fest-2026: Балқаш аспанын жүздеген дрон жарықтандырады

Балқашта Balkhash Tour Fest-2026 фестивалі басталды. Мыңдаған қонақ екі күнге созылатын шараға қатысуда. Алғаш рет…

Астанада «Ойыншықтар хикаясы 5» фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті

Астанада Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті. Шараны халықаралық…

Димаш Құдайберген «Алтын белгі» иегеріне ноутбук сыйлады

Димаш Құдайберген Астанадағы №83 мектеп-лицейінің «Алтын белгі» иегері Максим Цойға ноутбук сыйлады.