Сурет: kaktus.media
Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ұзақ үзілістен кейін көпшілік алдына шығып, Ыстықкөл форумына қатысты. Ол сөйлеген сөзінде қазіргі президент Садыр Жапаровқа қосымша мандат беру керектігін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Асқар Ақаев Қырғызстан алдағы 8-10 жыл ішінде экономикалық жетістікке жете алатынын атап өтті.
«Мен келесі 10 жылдықта еңбекқор қырғыз халқы жаңа экономикалық ғажайып жасай алатынына сенемін. Халқымыз Садыр Жапаровты күрделі кезеңде президент етіп сайлады. Ол кезде экономика терең дағдарыста, ал әлеуметтік-саяси ахуал шиеленіскен болатын. Бүгінде экономикада оң динамика байқалады», — деді Ақаев.
Ол экономикалық өсімнің нәтижелері 3-5 жылдан кейін ғана толық сезілетінін айтты. Асқар Ақаев Қырғызстан халқы стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдайтынына сенім білдіріп, президентке ұзақ мерзімді реформаларды жүзеге асыру үшін қосымша мандат беру маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын ел тарихындағы маңызды оқиға деп атады.
Еске сала кетейік, 3 маусымда Қырғызстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. Көрші ел дауыс берудің төртінші турында 142 дауыс жинап, Азия-Тынық мұхиты өңірі атынан үміткер болған Филиппиннен басым түсті.

