Сурет: Egemen Qazaqstan
Астана қаласының білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының түлектеріне аттестат табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорда мектептерінде жалпы саны 314 964 оқушы білім алды. Оның ішінде мемлекеттік мектептерде – 260 418, жекеменшік мектептерде – 47 760, республикалық мектептерде – 6 786 оқушы. Биыл 16 мыңнан астам түлек аттестат алды. Олардың 1 202-сі үздік аттестат иегері атанса, 650 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.
Мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруда жауапкершілік пен үнемшілдікке назар аударылды. Қала мектептерінде 70 пайыздан астам ата-ана мен түлек мейрамханаларда салтанатты кеш өткізуден бас тартып, қаражатты тиімді пайдалануды жөн көрді. Аттестат табыстау рәсімдері барлық мектепте мерекелік жағдайда өтті. Ұстаздар мен ата-аналар түлектерге ақ жол тілеп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасатынына сенім білдірді.

