Сурет: istockphoto.com
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының материалдары жыл басынан бері 3,6 миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қашықтан пайдаланушылар саны 295 мыңнан асып, электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 мыңға жеткен. Жыл басынан бері электронды кітапхана қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізіліп, 437 құжат өңдеуден өткен. Сонымен қатар 127 555 бет цифрландырылған.
Қазіргі уақытта электронды кітапхана қорында 86 315 құжат сақтаулы, оның ішінде 10 мыңнан астамы – сирек кітаптар мен қолжазбалар. Электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. Порталға Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары қызығушылық танытып отыр. Қордағы электронды материалдар әлемнің 70 тілінде қолжетімді.
Порталдағы барлық материалдарды тіркелмей-ақ еркін қарауға болады. Ұлттық электронды кітапхана қорында мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, түркітілдес елдер кітапханасы және басқа да тақырыптық жинақтар ұсынылған.

