Сурет: Ұлттық ұлан
ІІМ Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры, академик және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға әскери қызметшілер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қонақтар қатысты. Дәрісхана батырдың ерлік жолын дәріптеп, оның мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға арналған.
Салтанатты жиында әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сәрсенов құттықтау сөз сөйлеп, Мәлік Ғабдуллин есімін дәріптеудің маңызын атап өтті. Запастағы полиция полковнигі, ІІМ-нің құрметті ардагері Хабибулла Ғазизов батырдың ел тарихындағы орны туралы ой бөлісті.
Шара барысында Азамат Қаділ орындаған «Мақтанамын» әні көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Дәрісхананы ашу рәсімінде әскери бөлім командирі полковник Берік Қожахметов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы бастығы генерал-майор Жұмабек Хасенов және Хабибулла Ғазизов лента қиды.
Іс-шара соңында қатысушылар Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен жауынгерлік жолына арналған дәрісханамен танысып, батыр туралы 1943 жылы түсірілген тарихи деректі фильмді тамашалады.
Былтыр Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылған еді.

