Сурет: Egemen Qazaqstan
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Каникулға – кітаппен» атты оқу марафонының салтанатты ашылуы өтті. Жазғы демалыста жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды көздеген бұл бастамаға университет студенттері мен оқытушы-ғалымдары қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ашылу рәсімінде ректор Ерлан Сыдықов кітаптың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, оқу мәдениетін қалыптастыру білім сапасын арттырудың және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызды шарты екенін атап өтті.
Жазушы Алдан Смайыл кітаптың ұлт руханиятын сақтаудағы және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы рөлін баяндады. Ол жастарды көркем әдебиетті тұрақты оқуға шақырып, кітап оқу мәдениетін дамыту елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың маңызды тетігі екенін айтты. Қаламгер қазіргі ақпараттық дәуірде сапалы әдебиеттің маңызы бұрынғыдан да арта түскенін жеткізді.
Марафон ережесі бойынша қатысушылар жаз бойы оқыған көркем шығармалары туралы әлеуметтік желілерде пікір жазып немесе қысқа бейнероликтер жариялай алады. Оқылатын кітап санына шектеу жоқ. Жоба қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар қыркүйек айында марапатталады.
Кеш барысында мәдени бағдарлама ұсынылды. Жас күйші Ерсұлтан Медет күй орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Оразалиев кітапхананың оқу мәдениетін қалыптастыру мен оқырмандардың рухани сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмысы туралы айтты. Зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар жастарға кітап оқудың маңызы жөнінде пікірлерін ортаға салды.
Поэзия бөлімі көпшіліктің көңілінен шықты. Әлеуметтік желіде танымал жас талант, Қараөткел орта мектебінің оқушысы Асылай Төленді мен №101 орта мектептің оқушысы Балым Оразғали өлең оқыды. Жұмекен Нәжімеденовтің «Әке мен бала» шығармасы әсерлі оқылып, әдебиетсүйер қауымды ерекше толқытты.
Іс-шараның «Мен ұсынатын кітап» бөліміне филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жетекшілік етті. Ғалым кітаптың адам өміріндегі орны мен көркем әдебиеттің тұлға қалыптастырудағы рөлі туралы ойларын ортаға салып, жастарға рухани азық болатын туындыларды оқуға кеңес берді.

