Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Шығармашылық мамандықтарға түсетін талапкерлер үшін құжат қабылдау 20 маусым мен 10 тамыз аралығында жүргізіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, шығармашылық емтихандар 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өтеді. Білім гранты конкурсына қатысушылар шығармашылық емтиханға өтінішті 7 шілдеге дейін беріп, емтиханды 20 шілдеге дейін тапсыруы керек.
Емтихандар дәстүрлі форматта, яғни офлайн режимде өткізіледі.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкер тек бір мамандық пен бір жоғары оқу орнын таңдай алады. Ал ақылы негізде оқуға түсу кезінде басқа жоғары оқу орнында тапсырылған шығармашылық емтихан нәтижесін пайдалануға мүмкіндік бар, – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Сондай-ақ бес пән бойынша ҰБТ тапсырған талапкерлер де шығармашылық бағыттағы мамандықтарға түсе алады. Ол үшін «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерінен шекті балл жинап, шығармашылық емтихан тапсыру қажет.
Құжат тапсыру кезінде талапкер бес пән нәтижесі талап етілетін мамандықты немесе шығармашылық бағытты өз қалауынша таңдай алады. Қосымша ақпарат алу үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жүгіну ұсынылады.

